Министрлік: Білім грантын бөлуге бөгде адам араласа алмайды

0
108

Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығының (ЦАРКА) өкілдері білім беру гранттарын бөлу рәсімін тексеріп, гранттардың үлестірілуіне бөтен адам араласа алмайтындығын анықтады. Бұл туралы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚР БҒМ-ның “Ұлттық тестілеу орталығы” бакалавриат және магистратура бойынша білім беру гранттарын бөлуге жауап беретін ақпараттық жүйенің бастапқы кодтарын ЦАРКА мамандарына тексеруге берген болатын.

Аталған тексеру гранттарды бөлудің жарияланған нәтижелері бағдарлама берген деректермен толық сәйкес келетінін көрсеткен. Осылайша, гранттарды бөлу туралы деректер тізім жасалған сәттен бастап нәтижелер жарияланған сәтке дейін өз тұтастығы мен құпиялылығын сақтап қалған деп сеніммен айтуға болады-мыс.

ЦАРКА мамандары тізімді қалыптастыруға жауап беретін ақпараттық жүйеге бөгде адамдар араласпаған деген қорытындыға келді. Айта кеткен жөн, аталған тексеру жұмыстары барысында 76 009 қатысушы арасында 58 126 грантты тағайындау үрдісі тексерілген.

ЦАРКА – компьютерлік инциденттерге әрекет ететін жеке қазақстандық орталық. Орталық қызметінің негізгі бағыттары –  мемлекеттік органдарға, квази-мемлекеттік сектор ұйымдарына, жеке кәсіпорындарға ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу және практикалық көмек көрсету, Интернет желісінің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін анықтау және талдау болып табылады. Бұдан басқа, Орталық Қазақстан Республикасының аумағында зиянды бағдарламалар мен желілік шабуылдардың таралуына байланысты инциденттердің жеке тәуелсіз мониторингін жүзеге асырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз