Елімізде магистратура және докторантурада оқып жатқан студенттер Ұлыбританиядағы Sussex университетінің дипломын бұдан былай елде жүріп-ақ ала алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыру бойынша келіссөздер өткізу үшін Ұлыбританиядан Алматыға арнайы делегация келді.

Қонақтарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай қарсы алды. Тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату бойынша 3 күн қатарынан кездесу өткізеді.

«Қос диплом бағдарламасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті бірлесіп жеңіп алған британдық кеңес грантының аясында іске асады. Яғни қазақстандық магистранттар мен докторанттар екі диплом алатын болады: біріншісі — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, екіншісі — Сассекс университетінің дипломы», — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. 

Аталған әріптестік аясында педагогика саласында қосымша білім алуға мүмкіндік беретін PGCE in Pedagogy and Practice халықаралық бағдарламасын да іске асады. Сондай-ақ профессорлар мен оқытушылардың біліктілігін арттыратын орталық құрылады. Бұл қазақстандық және британдық жоғары оқу орындары ғылымды дамытуда да бірлеседі деген сөз.

Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті былтыр жазда Сассекс университетімен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Осы келісімнің арқасында қазақстандық 15 оқытушы мен докторант Ұлыбританияда біліктілікті арттыру бағдарламасынан сәтті өткен болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз