Елордада қала әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен инвестиция мәселелері бойынша кеңес өтті. Оның барысында білім беру, денсаулық сақтау және девелопмент саласындағы 13 перспективалық жоба таныстырылды.
Әкімдіктен мәлім еткендей, жобаларды іске асыру ел экономикасына 27,6 млрд теңге инвестиция тартуға, 1500-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Осылайша, білім беру саласындағы 11 инвестициялық жоба жалпы алғанда 10 мыңнан астам оқу орнын және балабақшаларда 1 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді. »TAMOS EDUCATION« ЖШС жеке физика-математика мектебінің құрылысы мәселесін зерттейді. Тартылатын инвестициялардың сомасы 4 млрд теңгеден асады. »Singapore International School Kazakhstan« ЖШС жобасына сәйкес мектеп қалашығын салу көзделіп отыр. Сингапур инвесторлары шетелдік білім беру жүйесін ұсынып отыр. Жаз уақытында семинар-дәрістер өткізіліп, тәжірибе алмасу үшін шетелдік профессорлар шақырылатын болады. Өз кезегінде »EURO AST KZ2019« ЖШС мектеп пен балабақша салу мәселесін қарастыруда – мектеп оқушылары үшін 500 орын және мектепке дейінгі балалар үшін 120 орын», – деді ведомстводан. Сонымен қатар, мектептер құрылысына тағы 8 компания ниет білдірген.
«Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Біз жүйелі негізде әртүрлі елдердің инвесторларымен кездесеміз. Мысалы, бүгін ҚР Сауд Арабиясының елшісімен, бұған дейін Ұлыбритания, Түркия және тағы басқа инвесторлармен кездестік. Қазір мектептерде орын тапшылығы 20 мыңға жуық. Қазір қалада үш ауысымда оқитын 5 мектеп бар. Егер мамыр айында мектептен 6 мың оқушы шыққан болса, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 24 мың бала келеді деп күтілуде. Тек қана отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, жеке меншік мектептердің құрылысы есебінен оқу орындарында 20 мыңға жуық орынды қамтамасыз етуіміз керек», – деді А. Көлгінов.
Қала әкімі мектеп құрылысын таңдаған кезде сол учаскедегі халықтың тығыздығын, инженерлік желілер мен инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігін ескеру қажеттігін атап өтті. Оқу жылының соңында қалада барлығы 108 мектеп болды. Бұдан басқа, кеңесте Томотерапия және ядролық медицина ауруханалық кешені құрылысының жобасы да қолдау тапты. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге ұзақ мерзімге берілетін апартаменттерді салу жобасы қаралды.