21-22 қыркүйек күндері Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық математика олимпиадасы (IMO-2020) өтеді. Қазақстандық команда құрамына Нұр-Сұлтан қаласынан Білім-инновация лицейінің оқушылары Данат Дүйсембеков пен Феттуллах Сам ілікті.
Данат Дүйсембеков осы жылы ер балаларға арналған Нұр-Сұлтан “Білім-инновация” лицейін тәмамдады. Қыркүйекте өтетін Халықаралық математика олимпиадасы Данаттың оқушы ретінде қатысатын соңғы жарысы болмақ. Ол өткен жылы дәл осы әлемдік додадан Қазақстан қоржынына күміс медаль салған болатын.
Данат сұхбатында америкалық әлемдегі алдыңғы қатарлы техникалық университетке тапсыратынын айтты. “Егер адам алдына мақсат қойса қандай кедергі болмасын жеңіп, діттеген межесіне жетеді. Карантин немесе басқа да жағдайлар оған кедергі келтіре алмайды”, – деді ол.
Феттуллах Сам осы жылы ер балаларға арналған Нұр-Сұлтан БИЛ-дың 11 сыныбына көшті. Ол комиссия шешімімен IMO-2020 олимпиадасына қатысатын қазақстандық команданың құрамына енді. Феттуллах 7 сыныптан бастап математика пәнінен олимпиадаға дайындалып түрлі жүлделі орындардан көрінген.
“Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Ұстаздарымыз да әрдайым қадағалап жүреді. Осы қарқынмен жалғастырар болсақ жүлделі орыннан көрінеміз деген үміттемін”, – деді ол.
Мектептің математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гүл осы жылы өткен іріктеуден екі шәкіртінің өткенін, бір айдан кейін өтетін жарысқа тыңғылықты дайындық жүріп жатқанын айтты. Ұстаз онлайн дайындық қиынырақ болса да шәкірттеріне сенетінін жеткізді.
Лицей директоры Эльбрус Пириев шәкірттердің бұл жетістігі талай жылғы ұстаздар мен оқушылардың еңбегі екенін айтты.
“Біздің мектептің екі оқушысы әлемдік математика жарысына жолдама алды. Өте қуаныштымыз. Бұл шәкірттеріміздің бес жылдық еңбегі. Өткен жылы математика пәні бойынша республикада үздік мектеп атандық”, – деді мектеп директоры.
Халықаралық математика олимпиадасы (IMO) осы жылы 61-ші рет өткелі жатыр. Пән олимпиадасына бес құрлықтың 100-ге жуық елінен жоғары сынып оқушылары қатысады. Осы жылы олимпиада алғаш рет пандемияға байланысты онлайн форматта өтеді.