Қазіргі уақытта ел тұрғындарының елеулі бөлігін жастар құрап отырғаны мәлім. Жас кезде адам арманына ұмтылып, өзін айқындауға, білім алып, өзін жетілдіріп, мамандығын игеру арқылы болашағын қалыптастыруға ұмтылады. Бұның барлығы құптарлық. Оның өмірдің мәнін түсінуге тырысып, өзін толғандырған сұрақтарға жауап, рухани тірек іздеп, имандылыққа бетбұрыс жасауы да оңды. Қазіргі кезде жаңа заманға лайықты білім алып, имандылықты да ұстанып жүрген үлгілі жастар аз емес. Білім мен имандылықты ұштастырып, алға ұмтылған жастар алаш арыстарының жолымен болашақта елді көркейтуге атсалысар деген ойдамыз. Дегенмен «Бес саусақ бірдей емес», сол жастардың арасында дінді тануда не ұстануда қателікке ұрынып, жақындарын терең уайымға салып, опынып жүргендері де баршылық. Осы орайда, жастардың ата дінге бетбұрысында мән бере жүруді қажет ететін бірқатар өміршең кеңестерді беруді жөн көріп отырмыз.
Дін байыптылыққа негізделеді
Адам өмірде әр нәрсеге байыппен қарап үйренуі қажет. Өйткені бәрінің ар жағында жауапкершілік тұрады. Соның бірі – дін. Рас, дін адамға өмір сүрудің мәнін, жаратылыс мақсатын ұғындырады, жаратушыны тануға жетелейді, дұрыс өмір сүру салтын көрсетеді. Дегенмен тарихта дін үкімдерінің өзі қоғамға біртіндеп сіңгенін ескерту қажет. Бұл еш нәрсенің бірден болмайтынын ұқтырады. Имандылық пен ізгілікті дүниелерді адам біртіндеп бойға сіңіреді, қоғамды дендеп кеткен нашар қылықтар болса, олар да бірден тазара салмайды. «Бір-ақ секіріп шығам деп, Бір-ақ қарғып түсем деп, Мертігеді, жатады» деп Абай атамыз айтқандай, дінге енді бетбұрыс жасаған жастың айналадағы қалыптасқан нормаларды бірден бұзып өзгертем деуі әбестік. Жаңару бірте-бірте болатын құбылыс, сондықтан айналасын, әлемді түзеткісі келген адам әуелі түзелуді өзінен бастағаны жөн. «Елу жылда ел жаңа» демей ме халқымыз?!
Біржақтылыққа ұрынбау
Дінді ұстану – адамды біржақты етіп шектеп тастамауы тиіс. Немесе мұсылмандық қарызды өтеген жан басқа да борыштар барын ұмытпағаны жөн. Ол ата-ана, бауыр, туыс, туған елі, отбасы, қоғам алдындағы борыштар. Яғни бір парызды орындау басқа парыздардан босатпайды. Сол үшін де Мұхаммед пайғамбар (с) бұны әрдайым жіті қадағалаған. Өз тәжірибесінде сахабаларының тек құлшылыққа беріліп, басқа дүниені ұмытуына жол бермей, орташа қалыпта болуды насихаттаған. Басқа да құқықтарды ұмытпауды ескертіп отырған. Дін талаптарымен қатар қоғам үшін заң талаптары да маңызды. Дін талаптарымен санасатын жан заң талаптарымен де санасуы тиіс. Себебі заң талаптары да қоғамда тәртіп, тыныштық, тұрақтылық болуын қамтамасыз етеді. Құлшылық жасау Жаратушы талабы десек те, жаратылыс заңдары, пән ғылымдары, мәдениет, тарих, өркениет те мұсылман үшін бей- жай қарауға келмейді.
Көркем мінезді болу
Дін тек сенім мен құлшылықтан ғана тұрмайды. Дін негізінен ахлақ деп аталатын моралдық құндылықтар жүйесінен құралады. Мәшһүр Жүсіп «Жарасар бозбалаға сұлу жирен, Дін күтсең, балшық болып аяққа илен» деп бекер айтпаған. Яғни, дін ұстану ол өте қарапайым, кішіпейіл, биязы, әдепті болуды білдіреді. Мұхаммед пайғамбар (с) «Мен адамгершілік қасиеттерді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деген. Бұл дін ұстанушыларға әдептілік пен мәдениеттілік тұрғысынан үлкен міндет жүктейді. Осы себепті дінге келген жас ең көп әдепті болуға, мінез-құлқын дұрыстауға, айналасындағылармен өте сыпайы қарым-қатынас жасап, бойына ізгі қасиеттер жинақтауға көңіл бөлуі тиіс. «Сырт көз – сыншы» демекші, құлшылық жасап жүрген адамның әдепке сыймайтын бір қылығы жұртқа ерсі көрінеді. Сол үшін ұлағатты діннің бір өкілі ретінде ол әрқашан өзін жақсы қасиеттерге баули білуі тиіс. Ал, дөрекілік мінез көрсету дінге жат. Ол дінді жеккөрінішті етуге апарады. Ал хадисте «Дінді қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер! Дінді жеккөрінішті етпеңдер, сүйдіре біліңдер» деп өсиет етілген.
Ұлттық рухани құндылықтарды бойға сіңіру
Ұлт болып жаратылу ол Жаратушының таңдауы. Жаратушы иеміз қаласа, барлық адамбаласын бір ұлт жасай алар еді. Дегенмен жаратылыстың өзінде плюрализм, көптүрлілік бар. «Бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлім жараттым» делінген аят осы шындықты меңзейді. Демек, әр ұлт өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай білуі тиіс. Ислам діні тек бір ұлтқа арналмаған. Ендеше, әр ұлт өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, бұл дінді ұстанады. Ғасырлар бойы жалғасып келген дұрыс әдет-ғұрыптарды мәзһабымыздың бір қосымша үкім ретінде қабылдайтыны да сондықтан. Әр жас өзінің төл әдебиетін, мәдениетін, өнерін, тілін, ділін жақсы бойға сіңіріп өсуі тиіс. Өйткені оның кіндік қаны тамған туған жері осы жер. Мұхаммед пайғамбар да Меккеден қуылғанда артына қимай қарап, «Әттең, қуғын көрмегенімде сені тастап кетпес едім» деп, туған жеріне деген үлкен құрметін білдірген.
Дәстүрлі діни жолымызды білу
Біздің ата-бабамыз таңдаған дәстүрлі жолымыз ол Исламның сунниттің тармағы, оның ішінде Ханафи мәзһабы, Матуриди сенім жүйесі. Ханафи мәзһабын ұстану өзге мәзһаб өкілдеріне теріс қарауды білдірмейді. Мәзһабтардың бәрі де дұрыс жолда. Қазіргі Иран, Әзірбайжан, Бахрейнде ұстанушылары бар Шииттік сенім жолы бізге сай келмейді. Себебі Сунниттер төрт халифаның да билігі заңды екенін мойындайды. Кейінгі уақытта қалыптасқан «дәстүрлі дін» тіркесі ғасырлар бойы әдет-ғұрып, салт- дәстүрімізге, халқымыздың менталитетіне сіңісті ислам екені белгілі. Өз діни жолымызды санамызда айқындап алумен қатар мемлекетіміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін ұйымдастырып, әлемде дінаралық диалог пен рухани келісімді дәріптейтінін де ескерген жөн. Яғни, қазақстан мұсылманы өзіне тән төл діни жолын білумен қатар, өзге дін өкілдерімен де әрқашан диалогта, татулықта, өзара түсіністікте бейбіт қатар өмір сүре білуі тиіс.
Сеператизмге апаратын діни терминдер қолданбау
Дінге келген жастар тағут, мушрик, мұнафиқ, кәпір, муртад деген секілді сөздерге абай болу тиіс. Әркім өзі таңдаған жолды дұрыс деп санаса да, тек өзінікін ғана дұрыс көріп, өзгелер адасып жүр деп айтуға құқы жоқ. Себебі Жаратушыға бастайтын жолдар өте көп. Шәкәрім бабамыз осыны «Жардың шашы көп боп тұр, Ол санауға келмей тұр» деп тұспалдаған. Қоғамды мен және олар деп бөлмеген жөн. Бір ел, бір халық, бір сенім, бірдей құлшылық, бір отан т.б. бұлардың барлығы да бірлікке бастауы тиіс. «Жүйелі қарғыс жүйесін, Жүйесіз қарғыс иесін табады» демекші, өзгені күпірлікпен айыптау ол орынсыз болған жағдайда сол айыптаушының өзіне қайтуы мүмкін. Сол себепті дінге бетбұрған жастар бәріне байыппен қарап, ешкімді сеніміне бола алаламауы тиіс. Өте-мөте күпірлікпен айыптау – мұсылмандар арасына жік салады. «Тағут» ұғымы 1979 жылы Ирандағы Ислам революциясынан кейін шиит әлемінде Батысқа қарсы саясат пен АҚШ-қа қарсылық көрсету және бұл елдердің әлеуметтік тәртібі мен режимдерін сынау үшін қолданылған саяси ұранға айналған. Бұл тәсіл басқа ислам елдерінде біршама қолдау тауып, тағут исламға қарсы деп саналатын адамдар, мекемелер, жүйелер мен түсініктер үшін қолданыла бастаған. Дегенмен мемлекетіміздің зайырлы жүйесін атеизммен шатастырмау қажет. Зайырлы мемлекет діннің рухани потенциалын елдің игілігіне бағыттауға оң қарайды, діни бірлестіктердің қызметін заңдастырып, қадағалайды, дін өкілдеріне діни білім алу, құлшылық жасау т.б. қолайлы жағдай жасайды.
Қорыта келгенде, жастардың рухани құндылықтарға бетбұрыс жасауын құп көрсек те, оларды әсіре діни көзқарастардан әрдайым сақтандырып отыру мамандардың міндеті. Қазіргі жастар имандылық арқылы өздерін рухани тәрбиелеумен қатар заман талабымен озық білім, бәсекеге қабілеттілік, жарқын болашаққа ұмтылып, өмірде бар жетістіктерге тек маңдай тер, адал еңбекпен жетуге болатынын ескеруі тиіс. Жастарымыз жақсы мен жаманды ажыратуда сыни ойлауды жетілдіріп, бар ақпараттарды ақылмен таразылап, ішкі сүзгіден өткізе білгені жөн. Сонда олардың санасы радикалдануды қабылдамасы анық.
Mатериал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқауға қатысу мақсатында дайындалған
Бағашаров Құдайберді, дінтанушы