Ресей Федерациясының Түмен облысы, Голышманово ауылындағы № 4 мектепте осымен үшінші қазақ тілі сыныбы ашылды.
Бұл туралы Түмен облысы қазақтары ұлттық мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев Facebook-тағы парақшасында жазды.
Сыныптың ашылуы нағыз мереке болды. Арнайы концерт ұйымдастырылды, дастархан жайылды, Голышмановск қалалық округінің басшысы Александр Ледаков қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясын құруды қолдады, – дейді Есенғали Ибраев.
Оның айтуынша, юірінші сабаққа 40 шақты оқушы келген. Әлі де балаларды жинау жалғасып жатқан көрінеді.
Голышман қазақтары ұлттық мәдениет пен дәстүрді бағалайды. Біраз жыл бұрын Түмен облысы қазақтарының алғашқы құрылтайы өткен еді. Бүгінде автономиямыздың жергілікті бөлімшесі Дүйсенбай аға Бекужиновтың басшылығымен ұлттық-мәдени жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Оқушыларға қазақ тілін үйренуде сәттілік пен жақсы бағалар тілеймін. Жоспар бойынша Есіл қаласында тіл сыныбын ашу ойымызда бар, – деп жазды Түмен облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясының президенті.