Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарасты сапаны қамтамасыз ету комитеті Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің білім сапасына қатысты шағымнан кейін оқу орнын тексеріп, нәтижесінде лицензиясынан айырды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеріс нәтижесінде ЖОО білім алушыларының 97%-ы шекті балды өте алмаған.
“Жоспардан тыс тексеру барысында ЖОО-да сабақтар кесте бойынша өткізілмейтіні анықталды. Білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру нәтижелері ЖОО-дағы білім беру сапасының төмен деңгейін көрсетті. Одан бөлек, оқу орны кадрлар даярлау бойынша жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істемейтіні де байқалды. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде академиялық адалдық қағидаттары да сақталмайды. Мәселен, ШТІКУ студенттерінің курстық жұмыстары өзге адамның еңбегін көшіріп алуды тексеру жүйесінен өтпейді, ал диплом жұмыстарында академиялық қағидалар бұзылғаны анықталса да қорғауға жіберілген жағдайлар тіркелді. Жалпы, университет білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзуға жол берген”, – деді білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Заңнамаға сәйкес ЖОО лицензиясының күші тоқтатылған жағдайда, студенттер оқу орнында анықталған келеңсіз жайттардың жойылуын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.
Университет туралы
Шет тілдер және іскерлік карьера университеті 2001 жылы әділет министрлігінің шешімімен Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, ғылым және мәдениет келісімдерінің нәтижесінде Алматыда құрылған.
Білім ордасы алғаш рет Абылай Хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің ішінен шет тілдер факультеті болып ашылған. Кейін екінші жоғары оқу орны ретінде қызмет көрсеткен. 2005 жылы университет статусына көтерілген.
Университет сайтында құрушысы Орта Азия Мәдениет қоры деп көрсетілген. Қордың құрылтайшылары Қазақстан және Түркияның азаматтары екені жазылған.