Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қосымша 5 000 грантты тарату жайында айтып берді. Оқуға түсе алмаған түлектер қосымша грантты алуға өтініш бере алады.
Министрдің айтуынша, қосымша гранттар тек екі санатқа жататын жастарға беріледі. Олар – көпбалалы отбасыдан шыққандар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар.
“Олар алдымен жалпы конкурсқа қатыса алады. Биыл оған 53 мың грант бөлініп отыр. Соның аясында гранттар әдеттегідей ұлттық бірыңғай тестілеуден алған ұпай саны бойынша таратылады. Одан өте алмаса, тамыздың басында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруге болады. Бүгінде қосымша гранттардың ақшасы әкімдіктерге толығымен бөлінді”, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, әкімдікке көпбалалы отбасыдан шыққаны, я болмаса атаулы әлеуметтік көмек алатыны туралы құжаттар тапсыру қажет. Одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеудің куәлігін өткізуі керек. Үміткерлерді іріктегенде ұпай саны ескеріледі.
“Мәселен, педагогикаға қосымша 100 грант бөлінді дейік. Оған республика бойынша 200 адам таласса, гранттың 100 иегерін ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша анықтайды. Ұпайдың шекті санын да жинауы да міндетті”, – деп атап көрсетті Аймағамбетов.