Түркістан қаласындағы “Turkistan” АЭА әкімшілік-іскерлік аумағында “NURORDA” халықаралық мектебі салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің “TURKISTAN” АЭА” АҚ өкілдері “Диал Строй” ЖШС директоры Ғабит Маматраиымов пен “Білім-инновация” ХҚҚ бірінші вице-президенті Мухаммадали Ибрагимовпен кездесуінде келісімге келген. Инвестордың шаһардағы мәдени-рухани орталықтан шығыс үлгісіндегі сауда орталығын салмақ ойы бар. Сондай-ақ кездесуде қаланың әкімшілік-іскерлік аумағында заманауи қонақүй салу туралы жоспар талқыланды”, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
“NURORDA” халықаралық мектебі – еліміздегі ең үздік білім ошақтарының қатарында. Төрт тілде білім беретін халықаралық мектепте барлық жағдай жасалады. Білім беру кешенінде футбол алаңы, жатақхана және бассейн салынады. 5 гектар жерге жайғасатын заманауи мектептің қабырғасы биыл қаланады.
Жоспар бойынша 2024 жылғы жаңа оқу жылында ашылады. “NURORDA” халықаралық мектебі Қазақстанның ірі қалаларында бар.