Жас мұғалім физика пәнін комикстер арқылы түсіндіреді

0
93
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Семей «Білім-инновация» лицейінің физика пәні мұғалімі Жасқайрат Нәубетов сабақтарында түрлі тақырыпты комикс арқылы түсіндіреді.

Жасқайрат Нәубетов пандемия кезінде мұғалімдік қызметке кіріскен. Оқушылардың назарын аударып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру үшін түрлі эксперимент жасай бастаған.

«Ол уақытта оқушылардың бәрі үйінде болғандықтан, оларды сабаққа қызықтырудың жаңа әдістерін ойлап табу керек болды. Сол кезде мен видео, сурет салу арқылы түсіндіріп, түрлі эксперимент жасай бастадым», – дейді креативті мұғалім.

Жас мұғалім «Тығыздық», «Ньютон заңдары», «Энергия сақталу заңы», «Архимед заңы» сияқты күрделі тақырыптарды комикс көмегімен оқушыларға қызықты әрі жеңіл түрде жеткізеді.

«Физиканың күрделі тақырыптарын макет жасау, зымыран ұшыру секілді түрлі жарыстар ұйымдастыру арқылы түсіндіреді. Мұғаліміміздің бұл әдіс-тәсілі қарапайым түрде түсіндіргенге қарағанда әлдеқайда түсініктірек әрі қызығырақ», – дейді 9-сынып оқушысы Алияр Мұратов.

Жақында Алматыда математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы XX халықаралық олимпиада өтті. Сайысқа әлемнің 16 елінен 85 команда, 400-ге жуық мұғалім қатысты. Жасқайрат Нәубетов 3-орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Жас маман болашақта оқушылар арасында комикстер бойынша жарыс ұйымдастырмақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз