Таразда «Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайындағы адам капиталы» тақырыбында педагогтардың тамыз кеңесі өтті. Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов білім саласы үшін өткен жылдың жемісті болғандығын айтты.
«Өткен оқу жылында жамбылдық оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 143 медаль жеңіп алды. Жалпы республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы командасы жетінші жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп, «Үздік олимпиада командасы» атанып келеді. Дарынды балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты оныншы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанып отыр. Олимпиада және ғылым сайыстары жүлдегерлерінің 63 пайызы мамандандырылған мектептердің оқушылары екенін айта кеткен жөн. Бұл жетістіктерге оқытушылардың ерен еңбегі мен ата-аналардың қадағалауы арқылы қол жетті. Биыл облыстағы 508 педагог республикалық конкурстардың жеңімпазы болды», – деді өңір басшысы.
Қазақпарат хабарлағандай жаңа оқу жылында облыс орталығында Ақпараттық технологиялар лицей-интернаты ашылады. Онда балаларға математика мен физиканы тереңдетіп оқытады. Жыл соңына дейін 12 ІТ-сынып ашылып, оқушыларға 3D-модельдеу, бағдарламалау, робот техникасының қыр-сыры үйретіледі.