Қазақстан: коронавирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі бөлек санау тоқтады

0
83

1 шілдеден бастап Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандарды “симптомы бар” және “ауру белгісі жоқ” деп екі бөлек санау әдісінен бас тартып, статистиканы біріктіріп жариялауға көшті.

Министрліктің сәрсенбі күні таңертең жариялаған дерегінше, 30 маусымда елде 1604 адамнан коронавирус анықталған. Бір тәулікте 550 адам дерттен жазылған. Өткен тәулікте қанша адам қайтыс болғаны туралы әлі ресми ақпарат жоқ. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41055 адам.

3 маусымнан бері билік вирус жұқтырғандарды вирус белгісінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі бөлек санауды бастаған. Бірақ COVID-19 жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек “ауырғандарды” қосып отырды. Вирустың әлем бойынша тарауын зерттеп отырған ұйымдар мен институттар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, “ауырғандардың” санын вирус жұқтырғандардың жалпы саны ретінде көрсетіп отырды.

Азаттық сайтының хабарлауынша, кей сарапшылар “Қазақстан билігі мұны коронавирустың тарауын жағымды етіп көрсету үшін жасап отыр” деген пікір айтқан.

Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі барлар мен жоқтарды бөлек санау “халықаралық тәжірибе” деген болатын.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі дерегінше, 30 маусым күні елде 1604 адамнан коронавирус анықталды. Бір тәулікте 550 адам жазылып шықты. Қайтыс болғандардың саны әлі айтылмады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41 055.

Әлем елдерін вирус жұқтырған адамдардың санына қарай нөмірлеп отырған worldometers.info сайты Қазақстан дерегін әлі жаңартпады. Қазіргі дерек Қазақстанның осыған дейінгі әдісі бойынша саналған статистиканы көрсетіп тұр. Ол бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 51-орында, ал жаңа мәліметке сүйенсек – 37-орында тұр.

18 маусымда Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Шенеунік бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен “инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған” деп түсіндірген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне қайтыс болған адамдардан (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) коронавирус анықталған жағдайда оларды ресми статистикаға қосуды ұсынған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз