Қазақстанда коронавирустан үш науқас қайтыс болды

0
57

13 маусымда Шымкент қаласында – 1944 жылы туған ер адам, Батыс Қазақстан облысында – 1938 жылы туған ер адам, Павлодар облысында 1942 жылы туған әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған. Науқастар туралы басқа ақпарат айтылмайды.

Елде ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 73 адам қайтыс болған. Адам өлімі көп тіркелген облыстар мен қалалар қатарына Нұр-Сұлтан (14), Шымкент, (11) Алматы қаласы (10) және Павлодар облысы (11) кіреді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас “өзге аурулардан” қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді. COVID-19 анықталған бірақ “басқа аурудан қайтыс болды” делінген науқастар елде негізгі статистикаға енгізілмейді. Егер оларды қоса есептесе, елде “коронавирус құрбандары” жүзден асып кетеді.

Қазақстанда соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. 11 маусымда бір күнде – 944, 12 маусымда 989 адамнан коронавирус табылды. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

13 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тағы парақшасында елде карантин шаралары әлсірегеннен кейін вирус жұқтырғандар саны бірден көбейді деп мәлімдеді. “Әрбір адамның “жеке карантин” ережелеріне саналы түрде бейімделетін мезгіл жетті” деді министр. Оның айтуынша, Қазақстанда 12-14 мамыр аралығында індеттің “екінші толқыны” басталған.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 18 020 адамға жеткен. 14 238 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3782-і – “симптомсыз” тасымалдаушылар. 9 мыңға жуық адам жазылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз