10 наурызда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин коронавирустың елде таралуына қатысты болжам айтты.
“Біздің болжамымызға сәйкес, 11-16 наурыз аралығында бізде коронавирус тіркелуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана, бір апта ары, бір апта бері, коронавирус тіркелген жағдайда бірден арнайы шаралар қолға алынады. Енді ол болжам орындалмасын деп тілейік”, – деді Бекшин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
“Қазіргі уақытта Қытайда жағдай тұрақталды. Біздің алаңдауымыз тиіс мемлекеттер Еуропа елдері. Себебі осы елдерде ауру тез таралып жатыр. 3-4 күнде B тобында болған Италия бірінші санатқа көтеріліп шыға келді. Бұл ең тез таралатын елдердің тізіміне кіру деп айтуымызға болады. Кеше бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша Италия ең қолайсыз елдердің қатарына енгізілді. Аурудың таралуы бойынша Қытайдан кейін келе жатса да Италия адам өлімі бойынша бірінші орынға шығып кетті”, – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитар қауіпті елдердің тізіміне Франция, Испания және Германияны қосты.
Ең қауіпті A тобындағы елдерден келгендер міндетті түрде 14 күнге карантинге жатқызылады. Ал B тобындағы елден келгендер 14 күнге оқшауланып, өзін-өзі карантинге жабуы тиіс.
B санатындағы елдерге Швейцария, Норвегия, Бельгия, Швеция секілді елдер кіреді.
Жағдай күн сайын өзгеріп жатқандықтан денсаулық сақтау министрлігінің мамандары “демалыссыз жұмыс істеп жатқандaрын” айтады.
9 наурыз күні кешкі дерек бойынша, әлемде 114 мың адам коронавирус жұқтырған, 4004 адам өлген, 62 834 адам сауыққан. 9 наурызда барлығы 199 адам өлген (оның 97-сі Италияда).