Қазақстанда кейінгі екі аптада Covid-19 дертіне шалдығу көрсеткіші 35 пайызға азайды, бірнеше облыста 57 инфекциялық аурухана жабылды. Бұл туралы сейсенбідегі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
“Қазақстанда кейінгі екі аптада ауру өсімі 35 пайызға азайды. Соңғы аптада ауру көрсеткіші тұтас алғанда 14 пайызға яғни, аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін төмендеді. ДДСҰ болжамынша, республикада репродуктивтік көрсеткіш (R коэффициенті – бір адамның вирусты жұқтыру деңгейі) соңғы төрт аптада бірден төмен болған, бұл аурудың тұрақты түрде азайып келе жатқанынын дәлелдейді” деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, эпидахуалдың тұрақталуына байланысты аймақтарда инфекциялық орындар қысқартылған. 25 тамыздан бері Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында 57 нысан жабылған. 12 мыңнан астам орын қысқартылған.
Қазіргі уақытта республика бойынша инфекциялық және реанимациялық орындардың 35 % бос емес.
Елде өткен аптада ұзақ уақыттан бері алғаш рет коронавирустың күндік көрсеткіші 4 мыңнан төмендеді. 13 қыркүйекте 3 мыңнан төмен түскен. Бірақ адам өлімі әлі де көп. 12 қыркүйекте Қазақстанда коронавируспен байланысты 83 адам өлімі тіркелді.