Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жұрт коронавирус тамақ арқылы тарайды деп қорықпауы тиіс дейді. Бұған дейін Қытай зерттеушілері азық-түлік және тамақ орамаларынан вирус тапқан болатын.
– Азық-түлікті тасымалдаған кезде вирус тарайды деген тұжырым дәлелденбеген. Адамдар бұған алаңдамауы тиіс, – деді 13 тамыз күні Женевада өткен брифинг кезінде ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі бағдарлама жетекшісі Майк Райан.
Осыған дейін Қытайдың екі қаласында импортталған қатырылған азық-түлік пен орамалардан коронавирус табылған болатын. Бұл азық-түлік тасымалдау індетті өршітуі мүмкін деген қорқынышты ұлғайтқан.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 750 мыңнан асқан. Кейбір мемлекеттер шектеу шараларын күшейтті. Әлемде кемінде 20,7 млн адамға коронавирус жұққан. ДДСҰ мамандарының пікірінше, шын мәнінде вирус жұқтырғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.