Екпе салынбаған бала балабақшаға кіргізілмейді

0
85
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Ата-аналар балаларына екпе салдыруға міндетті. Бірақ бас тартса, олар әкімшілік жауапқа тартылмайды. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Жаңа нормаға сәйкес, екпе салмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейді. Министр Қазақстанға екпе тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісілген зауыттардан ғана жеткізілетінін атап өтті.

Бүгін министр мәжілісте “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстырды. Заң жобасында мектепке дейінгі ұйымдарға екпе салынбаған балаларды жіберуді шектеу туралы норма енгізілген.

Оған себеп, вакцина салмаудың салдарынан бүлдіршіндердің инфекциялық ауруларды жұқтыру фактілері көбейген. Бұл жалпы ұлт денсаулығына теріс әсерін тигізіп отыр.

Сұрақ-жауап барысында депутаттар министрден балаларын егуден бас тартқан ата-аналар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.

“Әкімшілік жауапкершілік бойынша норма енгізілген жоқ. Әріптестердің көбі қарсы болғандықтан, оны кіргізген жоқпыз. Бірақ міндетті екені көрсетілген. Бұл тәжірибе тек біздің елде ғана емес, басқа елдерде де бар”, – деді Біртанов.

Айтуынша, әр медициналық қызметкер екпе жасамас бұрын түсіндіру жұмысын жүргізуге міндеттелді.

“Екпенің қауіпсіздігі де өте маңызды. Біз қазір тікелей халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанға бүкіл екпе тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісілген зауыттардан ғана жеткізіледі”, – деді министр.

Біртанов екпе мәселесінде ата-аналардың, ең алдымен балаларының денсаулығын ойлауы керек екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз