Қисықова: Нұр-Сұлтанда 330 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан

0
68
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова. Photo: Elorda info

Нұр-Сұлтанда 330 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл туралы 12 маусымда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова хабарлады.

“Қалада барлығы 330 медицина қызметкерінен коронавирус табылған. Бұл – Нұр-Сұлтандағы республикалық, қалалық, ведомстволық мекемелер. Арасында қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын 200 шақты медициналық ұйымдар да бар. Медицина қызметкерлерінің тек үштен бір бөлігі коронавирус инфекциясы жұққан науқастарды емдейтін стационарларда жұмыс істеген” деді Қисықова брифингте.

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының 40 қызметкерінен коронавирус табылған. Олардың барлығы ауру белгілері байқалмағандықтан үй карантинінде жатыр.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Қарағанды облысында 46 медицина қызметкеріне вирус жұққанын хабарлаған еді.

Соңғы мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтанда симптомы жоқ науқастарды есептегенде барлығы 3005 адамнан коронавирус табылған. 1829 адам жазылған. 14 адам қайтыс болған.

12 маусымда қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева егер қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар осылайша көбейе беретін болса, карантин шараларын күшейтеміз деп ескертті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз