Министр Цой: Қазақстанда 3 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдейді

0
96
Алексей Цой. Photo: primeminister.kz

Сейсенбі күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 3 тамыздан бастап Қазақстанда карантин шаралары біртіндеп жұмсаруы мүмкін деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, елде бір апта бойы R коэффициенті (бір науқастың орташа есеппен қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсетеді) 1-ден аспаса және ауруханалардағы орындардың 70 пайызға жуығы бос болып, адам өлімі деңгейі тұрақты болса, карантин шаралары жұмсарады.

Министрдің айтунша, мұндай жағдайда төмендегі нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі:

  • ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар;
  • балалар коррекциясы кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер – бұл мекемелер шағын топтармен жұмыс істеуі керек;
  • мектепке дейінгі мекемелер;
  • сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық қызмет көрсету орталықтары – алдын ала жазылу бойынша істеуі тиіс;
  • таза ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі;
  • үш адамнан аспайтын шағын топтар көше, саябақ пен алаңдарға бара алады;
  • қоғамдық көліктер жартылай толмаған күйде жұмыс істейді.

Министр мемлекеттік органдар мен кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы әрі қарай да қашықтан жұмыс істей береді деді.

Дегенмен елде кинотеатрлар, банкет залдары, мейрамхана, дәмхана, бар, түнгі клубтар, музей, театрлар жабық күйде қалады. Қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салынады. Спорт залдар, фитнес орталықтары, бассейн, жағажай, аквапарктер, діни орындардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.

Оның айтуынша, соңғы үш аптада “инфекцияның тарау көрсеткіші 1,2 пайыздан 0,99 пайызға дейін азайған”, ауруханадағы орындар 90 пайыздан 47 пайызға дейін босаған. Бұл көрсеткіштер карантин шараларын біртіндеп жұмсартуға мүмкіндік береді деді министр.

Қазақстан билігі маусымда елде коронавирус өршіген соң екінші рет карантин жариялауға мәжбүр болды. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 84 648 адамнан вирус табылған. Денсаулық сақтау министрлігі 610 адам осы аурудан қайтыс болды деп мәлімдеді. Ресми орындардың айтуынша, COVID жұққан 319 адам “ілеспе аурудан” қайтыс болған. Бірақ елде вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз