10 қыркүйек күні өткен брифингте Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы ресейлік “Спутник V” вакцинасы төңірегіндегі күмәндарға пікір білдіріп, жанама әсері бар тиімділігі дәлелденбеген вакцина Қазақстан аумағына кіргізілмейтінін айтты.
Бұған дейін ресейлік коронавирус вакцинасын аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге болмайтыны туралы ақпарат шыққан еді. Оның алдында бірқатар халықаралық сарапшылар вакцинаның тиімділігіне күмән келтірген.
– Біз әрбір жағдайды бақылап отырмыз. Біз үшін сыбыс, басқасы емес – ресми қорытынды, ресми мәлімет, нақты зерттеу көрсеткіштері мен сандар маңызды. Біз сатып алатын вакциналар елге келгеннен кейін де тағы тексеріледі. Тек бақылау жүйесінен өткен вакцина ғана нарыққа жіберіледі, – деді Цой.
Алексей Цой министрлік қазір 5,5 млн доза коронавирус вакцинасын сатып алу мәселесін қарастырып жатыр деді. Түрлі өндірушілермен оның ішінде ресейлік компаниядан да вакцина сатып алу жағын қараймыз деді.
“Бұған қоса клиникалық сынақ кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп жатқан қазақстандық вакцинаны тіркеу мен өндіру мәселесі де қаралып жатыр” деді Цой.
Тамыз айының соңында Қазақстанның “Спутник V” вакцинасының 2 млн дозасын сатып алу туралы Ресеймен келіскені жайлы ақпарат шыққан еді. Келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион “Спутник V” екпесін елге жеткізу қарастырылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ деп мәлімдеген.
Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Бұған дейін Ресей Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркегенін хабарлаған. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. Тамыз айында британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарған.