31 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 5 шілде күнгі “Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы” бұйрығына өзгеріс енгізіп, бес жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға рұқсат берді.
Бұдан былай әлеуметтік қашықтықты ұстана отырып дәмханада тамақтану және далада спортпен шұғылдану кезінде де маска тағу міндетті емес.
Бұйрықтың 10 тармағының 7 тармақшасына сәйкес, қоғамдық орындарда және ғимарат ішінде және қоғамдық көлікте бес жасқа дейінгі балалардан басқаның бәрі маска тағуы тиіс. Қоғамдық тамақтану орнында әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып тамақтану кезінде маска тағу міндетті емес.
Дәл сол тармақтың 9 тармақшасына сәйкес, ашық аспан астындағы қоғамдық орындарында маска тағу шарт. Бұл талаптан бес жасқа дейінгі балалар мен әлеуметтік қашықтықты ұстана отырып жеке өзі не бес адамнан аспайтын топта спорттық жаттығулар жасайтын адамдар босатылған.
Осыған дейін Қазақстан бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың 27 шілдедегі қаулысымен маска тағу далада жүргендерге де міндеттелген болатын. Кейіннен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой масканы балалар да, жаңа туған нәрсетелер де тағуы тиіс деді.
Денсаулық сақтау министрлігі шешімін халықаралық тәжірибені зерттегеннен кейін барып өзгерткенін мәлімдеді.