Қазақстан коронавирусқа қарсы вакциналар толық сынақтан өтпейінше оларды сатып алмайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Sputnik Қазақстан сайтына мәлімдеген. Бұл жақында ғана тіркелгені хабарланған ресейлік вакцинаға да қатысты.
Осы аптада Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Ал кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын.
“Қазіргі кезде Қазақстан вакцина сатып алу бойынша бірде-бір келісім-шарт жасасқан жоқ, себебі вакциналар соңғы төртінші кезеңнен өткен жоқ” деді Қожахметов.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Тарик Ясаревич ресейлік Гамалея атындағы институт әзірлеген коронавирус вакцинасын көпшілікке қолдануға кеңес беру үшін әуелі оның тиімділігі мен қауіпсіздігіне көз жеткізуіміз қажет деген болатын. Ресейлік зерттеу ұйымдары мен дәрі-дәрмек компанияларының басын біріктірген қауымдастық өкілдері де “вакцинаны жылдам тіркеу Ресейді көшбасшыға айналдырмайды, бұл тек вакцина қолданатын қарапайым азаматтарға қауіп төндіруі мүмкін” деген еді.
Толық сынақтан өтпесе де тіркеуден өткен вакцина қыркүйек айында медицина қызметкерлеріне егіле бастайды. Ал көпшілікке қолдануға 2021 жылдың қаңтар айында беріледі.
Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Қазақстан вакцина және иммунизация жөніндегі ғаламдық альянсқа қосылса, бұл ұйымға мүше мемлекеттер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алғашқы жарнасын (15 пайыз) төлеуге міндетті. Бұдан соң вакцинаның жетуіне қарай халықтың 20 пайызына жететіндей вакцина құнын толық төлеуі тиіс болады. Қазақстан альянсқа қосылуға келісім бергенмен әзірге ұйыммен келісім-шартқа қол қойылмаған.