Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы жылдары оқушылар арасында сколиоз 2 есеге артқан. Ал оның себебінің бірі – оқушылардың бойы мен жас ерекшеліктерін ескермей мектеп жиһазына отырғызу. Сол үшін мектеп жиһаздары жылжымалы және оқу процесінің нақты мақсаттары мен міндеттеріне бейімделуі тиіс.
Департамент директоры аталған олқылықтарды шешу үшін Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде бірнеше ұсыныс жасады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жиһаздарға басты назар аударылды. Сонымен қатар балаларға физикалық жүктемені азайту және ыңғайлы болуы үшін оқу құралдары ауыстырылып, киім сақтауға арналған жеке шкафтар барлық мектепте қарастырылатын болады. Жайлы мектептің әрбір қабатында ауыз су бұрқақтары орнатылады», – деді Ғ.Молдаш.
Бұдан бөлек, ерекше балалар үшін әрбір мектепте пандус, көтергіштер және лифтілер қоса салынатынын атап өтті.