15-17 қазан күндері Қазақстан астанасында Онкологиямен күрес көшбасшыларының Дүниежүзілік саммиті (World Cancer Leaders’ Summit) өтіп жатыр.
Жиынға Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатыса алмауына байланысты оның сөзін ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев оқып берді.
“Құрметті ханымдар мен мырзылар! Қазақстан астанасында өтіп жатқан онкологиямен күрес көшбасшыларының дүниежүзілік саммитінде сіздерге зор ілтипатымды білдіремін. Қашан да адамның ең басты байлығы, оның денсаулығы. Бірақ қоршаған ортаның ластануы аз қозғалудың өмір салтына айналуы, дұрыс тамақтанбау созылмалы дерттердің оның ішінде онкологиялық аурулардың көбеюіне әкеп соқты. Қазақстан бұл жаһандық үрдістерге белсене үн қосып келеді. 2018 жылы менің тапсырмам бойынша онкологиялық аурулармен күрестің 2022 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Биыл Онкология Ұлттық орталығының құрылысы басталды. Онда обырды диагностикалау және емдеудің ең озық технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Онкологиялық ауру ертерек анықталса оны емдеу оңайырақ болады. Бұл ретте, ауруды ертерек анықтаудың аса маңызды кезеңі алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Осыдан тура 1 жыл бұрын әлемнің 194 елі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық санитарлық көмек жөнінде “Астана декларациясын” бірауыздан қабылдады. “Астана декларациясы” – медициналық қызметпен жаппай қамтуға, адам денсаулығын сақтауға қол жеткізу үшін әлемдік қоғамдастық көшбасшыларының алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлін күшейтуге үндеді. Дамыған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көптеген аурудың оның ішінде онкологияның сапалы профилактикасына, дертті ерте анықтауға, тиімді емдеуге септігін тигізеді. Біздің ел үшін халық денсаулығы орнықты даму мен бақуаттылықтың негізі болып табылады. Саммитке белсенді атсалысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтып, табыс тілеймін! Жұмыстарыңыз жемісті болсын! Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев”, – деді Қазақстан премьер-министрнің орынбасары Бердібек Сапарбаев.