Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі күндері көптеген облыста ауа райының күрт төмендеуіне байланысты үсік шалған кезде алғашқы көмек қалай көрсетілетінін жариялады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Зардап шеккен адамды жылыту үшін оны жылы үй-жайға әкеліп, ыстық шай немесе сүт беру керек. Зақымданған аяқ-қолын жылы жапқышпен орау қажет.
Егер үсік шалу дәрежесі шамалы болса, қолдың саусақтарын қолтықтың астына тығу арқылы жылытуға болады. Егер мұрынды үсік шалса, оны жылыту үшін қолдың жылуы жеткілікті. Терінің жылыған аймағының қайтадан тоңуына жол бермеңіз.
Егер бетті немесе мұрынды үсік шалса, жылыту үшін оларды далада да ысқылауға, содан кейін зардап шеккен адамды үй-жайға апаруға болады. Үсік шалған жерлерді қармен ысқылауға болмайды. Қар одан сайын суытып, ал үшкір ұсақ мұздар теріні зақымдауы мүмкін.
Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін науқасты ауруханаға тез жеткізу керек, өйткені аздап үсік шалу да организмнің қорғану күшін төмендетеді.