14 қыркүйекте Қазақстанда 65 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 209 адам жазылды. Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (20) тіркелген. Бір күн бұрын мұнда 11 адамнан covid анықталған еді. Дүйсенбі күні Шымкент қаласы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 106 920 адамға жетті. Дегенмен бұл статистикаға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталмаған, бірақ клиникалық белгілері covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны енгізілмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) екі көрсеткішті біріктіруге кеңес бергенмен Қазақстан билігі екеуін екі бөлек жариялап жүр. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда наурыз айынан бері 136 500 адам коронавирусқа шалдыққан, кемінде 1 999 адам қайтыс болған.
Осы аптада карантин ережелерінің тағы жеңілдейтіні хабарланды. Енді бизнес нысандары демалыс күндері де істейді. Дегенмен бұған дейін індет өршігендіктен кейбір аймақта (БҚО-да Теректі ауданында, Шымкент, Атырау) карантиннің күшейгені де хабарланған.
Кейбір мамандар коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен covid-пен байланысты адам өлімі азаймай отырған кезде биліктің карантинді жеңілдету туралы шешімін сынаған.