Иран үкіметі елдегі барлық министрліктер, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтің үлесіндегі компанияларды қаржылай есеп беруде американ долларының орнына евро қолдануға міндеттеді. Бұл туралы Tehran Times сайты хабарлады.
Иран үкіметі, сонымен қатар, Орталық банкке риалдың евроға айырбас бағамын белгілеуді тапсырды. Орталық банк басшысы Валиулла Сейфтің хабарлауынша, Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеи халықаралық саудада доллар орнына евро қолдану туралы бастаманы қолдады. «Доллар біздің халықаралық сауда мәмілелерімізде рөл атқармайды», — деп мәлімдеді Сейф.
Шешімнің қашан күшіне енетіні және үкіметтің бұл жаңа шараларының нәтижесі неге алып келетіні жайлы нақты ақпарат берілмеді.
Тегеран осылайша американ ақшасынан қашып, ішкі нарықты тұрақтандырғысы келеді. Риалдың құнсыздануы ирандық компаниялардың ақыр аяғында евромен есеп айырысуына алып келді. Әйтсе де кей есеп-шоттардың әлі де риалдың долларға деген қатынасы негізінде құралуы тоқтаған жоқ.
Al Jazeera арнасы осы ретте керамикалық шикізатты импорттаушы тегерандық өкілдің сөздеріне сілтеме келтіреді. «Менің ойымша, егер олар ресми валюта ретінде евроны қолданатын болса, бұл (жайт) долларға деген ауытқуларға қарсы риалдың психологиялық әсерін төмендетеді», – дейді өкіл.
Риалдың рекордтық минимумға құлдилауын ирандық лидерлер «сыртқы жаулардың құйтырқы әрекеттеріне» балады. Bloomberg-тің айтуынша, Аятолла Али Хаменеи риалдың құнсыздануында «шетелдік барлаушылар» елеулі рөл ойнағанын мәлімдеді.
2017 жылдың қыркүйек айынан былай қарай Американың жаңа санкцияларынан сескенген риал екі есе құнсызданды. Иран билігі валюталық дағдарысты тоқтату үшін бірқатар шаралар қабылдады. Наурыз айында Тегеран импорттық операциялар кезінде доллардың қолданылуына тыйым салды. Ал сәуір айында, алдымен, доллар үшін бірыңғай (1$ = 42 мың риал) айырбас курсы белгіленді, кейін, азаматтардың шетел валютасын ақшалай күйде сақтауына тыйым салынды. Иран азаматтары банк есебінен тыс 10 мың евродан ($12,4 мың) асатын қаражат сақтай алмайды. Валюта нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты Иранның Melli Iran банкі Түркиямен есеп айырысуда екі елдің ұлттық валюталарын қолдана бастады. Анкара мен Тегеран арасындағы бұл келісім 2017-нің қазанында қабылданған болатын.
Бауыржан Мұқан