Өткен ай Астана қаласында танытылған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назрбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын енді онлайн түрде де оқуға болады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тәуелсіздік күні қарсанында жарық көрген Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы енді онлайн түрде де қолжетімді болды.
«Қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған кітаптың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларын «Ақорданың» ресми сайтында Елбасының жеке парақшасынан табуға болады.
«Тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы» ретінде бағаланған кітап тарихи публицистика жанрында жазылған, ол еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.