Елімізде 1 қаңтардан бастап ҚР нормативтік құқықтық актілеріндегі салық салу мәселелері жөніндегі түзетулер күшіне енді, сәйкесінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға ауыстырылды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттағы тұлғалар) жарна төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды.
Осы уақыт аралығында халықтың өзін-өзі өнімсіз қамтамасыз ететін санатын рәсімдеу және оларды ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту жұмыстары жүргізілетін болады. 2020 жылдан бастап осы санаттағы тұлғалар үшін МӘМС жүйесіне төленетін жарна мөлшері төмендейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың жарна мөлшері (жарна есептеу объектісінен) 2020 жылы 1 %-ті, ал 2021 жылдан бастап 2%-ті құрайды, – дейді Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары жеке кәсіпкерлер ретінде өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ жұмыс беруші ретінде қарамағындағы жұмыскерлерінің атына жарна аударуды тоқтатпайды, жарна мөлшері 2018-2019 жылдары – 1,5%-ті, 2020 жылдан бастап 2%-ті құрайды.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ай сайынғы жарна аударуды бастаған жұмыс берушілер сақтандыру кейінге қалдырылғанына қарамастан, өз қызметкерлері үшін өткен жылдың желтоқсан айындағы төлемдерін 2018 жылғы қаңтарда аяқтауы тиіс. Атап айтқанда, жалпы тәртіп бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың желтоқсан айы үшін төленетін соңғы жарнаны 2018 жылдың қаңтарында аударулары қажет. Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық жүйесіндегі жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың шілде-желтоқсан айлары үшін жарна аударады. Яғни, соңғы сома 2018 жылдың 25 ақпанынан кешіктерілмей төленеді.
Жұмыс берушілер үшін жарна төлеу тәртібі өзгерген жоқ, олар 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдан бастап 2% мөлшерінде жарна төлейді.
– Жеңілдігі бар санаттар үшін жарнаны мемлекет төлейді, оның мөлшері 2020 жылы мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4%-ін құрайды. Аталған санаттарға жатпайтын тұлғалар 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақының 5 %-і көлемінде жарна аударады, – дейді Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
2018 жылдың 1 қаңтарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің операторы және медициналық қызметтер үшін бірыңғай ақы төлеуші болып есептеледі. 2020 жылға дейін медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу, сапасын бақылау және ақы төлеу тетіктерін жасау, сондай-ақ төлемдік ақпараттық жүйе жұмысын жолға қою, жаңа тарифтік саясатты енгізу тетіктері жүйеленетін болады. Аталған шаралар МӘМС шарттары бойынша Қордың 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуге толық дайын болуын қамтамасыз етеді.