3 ай Қазақстанда пияз экспорты тоқтатылады

0
180
фото: Pixabay

Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сай бұл пияздың Қазақстаннан жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру үшін жасалған.

Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысы Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі – Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны әлемде, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз бағасының өсуіне әкелді.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, сондай – ақ Өзбекстанда өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша салмақ болып отыр. Осылайша, пияздың негізгі өндірушілері енді қазақстандық өнімді белсенді түрде импорттап жатыр.

Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы елдегі пияздың өнімі 1,1 миллион тоннаны құраған. Бұл ретте қазақстандықтар жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз, орташа есеппен алғанда 315 мың тонна тұтынады.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес бүгінгі күні елімізде пияздың расталған қоры 152,4 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылғы егіннің жалпы көлемінің 14% ғана. Бұл көлем жаңа өнім жиналғанға дейін жеткілікті, сондықтан экспортқа енгізілген шектеулер Қазақстаннан қалған пиязды әкету тәуекелдерін болдырмайды.

Айта кету керек, республикада пияздың көтерме бағада бір келісі 150-170 теңгені құрайды, ал көршілес Ресей мен Өзбекстанда баға 240 теңге көлемінде тұрады. Сонымен қатар, Qaztrade мәліметтері бойынша, Өзбекстан мен Тәжікстан өз елдерінде пияз экспортына шектеу қойған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз