Қазақстанда 4 маусым мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері ту, елтаңба және әнұран 1992 жылы 4 маусым күні ресми бекітілген.
1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және т.б. қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.
Ортақ тоқтамға келген комиссия мүшелері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбековтің нұсқасын құп көріп, ол ұсынған үлгі Мемлекеттік Ту болып бекітілді. Елтаңба бойынша белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың туындылары үздік шыққан.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұранының әуенін Мұқан Төлебаев, Евгений Бруссиловский және Латиф Хамиди жазған.
Мәтініне жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн ретінде 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің туындысы “Менің Қазақстаным” таңдалды. Шығарманың бастапқы мәтініне елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзгерту енгізді. 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламенті жаңа мемлекеттік әнұранды бекітті.