Ақпараттық технологияны қолданудың бала тәрбиесіне әсері қаншалықты

0
628
Сурет: astana.gov.kz

Ақпараттық технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған заманда, олардың бала тәрбиесіне қандай салдары болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Kazaknews.kz редакциясы бүгінгі мақалада ақпараттық технологияларды қолданудың бала тәрбиесіне әсерін қарастырады.

Pediatrics журналының сайтындағы ақпарат бойынша кейінгі онжылдықтағы зерттеулерге сүйенер болсақ, ғаламторды және смарт технологияны көп пайдаланатын жасөспірімдерде шынайы өмірде өзге адаммен қатынас құру немесе тіл табысу қиынға соғады. Алайда, олардың осындай жүйені орынды қолдана білуі сан алуан қабілетінің немесе білімінің артуына, пайда болуына әсер етеді. Маңыздысы ата-ана баласының ғаламтор және телефонды қолдану уақытын қадағалап, балаға сапалы контент көрсете білуі керек. Бұдан бөлек ата-ана баласын цифрлық сауаттылыққа және өз деректерін қорғау дағдыларына үйретуі қажет. Себебі, баланың ең бірінші ұстазы ата-анасы екенін ұмытпаған жөн.

Әрине технологияның балаға берер пайдасы көп екенін білеміз. Дегенмен, көптеген елде жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша таза ауада көп уақыт өткізген, спортпен шұғылданған және отбасымен де достарымен де жақсы қарым-қатынас құра білген балалар стрессті оңай жеңіп, өзгелерге қарағанда физикалық және психикалық тұрғыдан күштірек болады екен. Бұл үшін ата-анамен ұстаз арасында көпір салынып, екі жақтан баланың дамуына үлес қосу керек. Балаларды өзара шынайы өмірде көп сөйлестіріп, таза ауада уақыт өткізуіне мән берген жөн.

Осындай зерттеу жүргізген ғалымдар Radesky, Schumacher және Zuckerman-ның хабарлауынша бір жағынан технологиялар қарым-қатынас, шығармашылық және сыни ойлау дағдыларын дамытуға көмектесе алады. Екінші жағынан, зерттеушілер баланың мобильді құрылғыларды пайдалануының бірқатар жағымсыз әсерлерін, соның ішінде ұйқының бұзылуы, бала мен ата-ана арасының алшақтауы және баланың денсаулығы нашарлауы туралы мәлімдеген.

Ал ақпараттық технологияларды пайдалану кезіндегі жағымсыз әсерлерден қалай құтылу керек екенін білу үшін әлі де зерттеу жүргізу қажет.

фото: Pixabay

Экран уақытын шектеу маңызы

2016 жылы жасалынған American Academy of Pediatrics (AAP) зерттеуі кішкентай балаға технологияны қолданудың әсерін қарастырып, бала денсаулығы мен дамуы үшін экран уақытын шектеудің маңыздылығын атап көрсетеді.

ААР зерттеуінде ғаламтордың, жалпы ақпараттық технологияның жағымды тұстары көрсетілген. Оның ішінде: онлайн оқу материалдары, ойындар, әлеуметтік қарым-қатынас пен ақпаратқа жылдам қол жеткізу. Бірақ, жоба жетекшілері мұның жағымсыз тұстарында көрсеткен. Мысалы: ұйқының бұзылуы, бала тілінің кеш шығуы, агрессивті мінез-құлық таныту және психикалық ауытқулар.

Зерттеушілердің айтуы бойынша бір жарым жасқа толмаған балаға мүлдем технологияны ұстатуға, экран алдына отырғызуға болмайды. Бұл баланың миының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Ал, 18 аймен 5 жас аралығындағы балаға күніне 1 сағаттан аспайтын уақыт қана, ата-ана қадағалауымен сапалы контент көрсетілсе болады. Ал 6-12 жас аралығындағы баланың экран алдындағы уақытын күніне екі сағаттан асырмаған жөн. Бұдан бөлек мамандар кеңесі бойынша баладан смарт технологияны ұйқы, тамақ және ойын уақытында алыстату керек. Барынша балаға сақтық таныта білу үшін онымен көп сөйлесіп, қараған контентін бірге талқылау ұсынылады.

Осылайша, ААР зерттеуі балалардың экран уақытын шектеудің маңыздылығына назар аударып, ата-аналарға нақты нұсқаулар берген. Бұл нұсқаулар, медианы пайдалану мен физикалық белсенділік және білім беру сияқты балалар өмірінің басқа аспектілері арасындағы салауатты тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

фото: Pixabay

Ғаламтордағы жеке деректердің психологияға әсері

Ланкастер және Калифорния университетінің ғалымдары жасаған зерттеуде жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі жеке деректері мен психологиялық денсаулығы арасынадағы байланыс қарастырылған.

Зерттеуге, 13 пен 17 жас арасындағы 467 жасөспірім қатысқан. Олардан әлеуметтік желідегі белсенділігі және психологиялық денсаулығы туралы сауалнама алынған. Нәтижесінде жеке дерегін әлеуметтік желіде жариялаған жасөспірімдерде мазасыздық, депрессия және басқа да психикалық ауытқулардың даму қаупі жоғары болған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіні байланыс құралы ретінде пайдаланған балалар өзін-өзі жоғары бағалай біліп, психологиялық тұрғыдан желіні тек ақпарат көзі ретінде пайдаланғандардан күштірек болған.

Бұдан шығатын қорытынды әлеуметтік медианы, әсіресе жасөспірімдер үшін қауіпсіз, жауапкершілікпен пайдаланудың маңыздылығын және жеке ақпаратты қорғау қажеттілігін көрсетеді.

фото: Pixabay

Әлеуметтік желінің жеке өмірдегі орны 

2021 жылы АҚШ-тағы колледждердің бірінде жасалынған зерттеуде студенттердің әлеуметтік желіні қолдануы және оның жеке өміріндегі байланысы көрсетілген.

Бұны анықтау үшін алдымен 502 колледж студентінен сауалнама алынған. Сауалнамада әлеуметтік желіні күнделікті қолдану уақыты, оның қажеттілігі және желіні қолдану арқылы өмірге деген көзқарасы туралы сұрақтар қойылған.

Алынған жауап бойынша, әлеуметтік желіні жиі қолданатын студенттер, сирек қолданатындарға қарағанда өз өмірінен ләззат алу көрсеткіші жоғары болған.

Одан әрмен жалғастырар болсақ, желіні жиі қолданатын студенттерде әлеуметтік қолдауға мұқтаждық бар екен. Олар жеке емес, бірнеше адамның ортасында, назарында болғанды қалайды. Бұдан бөлек мұндай типтегі жасөспірімдердің өз-өзін бағалауы және өзіне сенімділігі жоғары болады.

Бұл нәтижелердің барлығы, студент жасындағы жастарға әлеуметтік желіні жиі қолдану оның жеке өміріне жақсы әсер береді дегенге алып келеді. Алайда, зерттеушілердің айтуынша бұл жерде де уақытты тиімді пайдалануға назар аудару қажет. Себебі, бұның соңы әлеуметтік желіні ұзақ пайдалану арқылы студенттер бұған тәуелді болуы, өзінің уақытын жоғалтуы, тіпті оқу үлгерімін төмендетіп алуы да мүмкін.

Сонымен қорытындылай келе ақпараттық технологияны қолдану бала тәрбиесіне оң және теріс әсерде бере алады. Ата-аналар мен мұғалімдер баланың интернетте өткізетін уақытын бақылап, цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытуға көмектесуі қажет. Сондай-ақ, баланың таза ауада уақыт өткізуге, спортпен шұғылдануға, достарымен және отбасымен көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндігі болуы маңызды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз