Жастар арасында да, ересектер арасында да кеңінен танымал болған жапондық анимация жанры (Аниме) бүгінгі күннің керемет өмірлік ұстазы болып алған. Иә, жас талғамай танымалдылыққа ие болған бұл мультфильм жанрының құдіреттілігі соншалық, кейбірінің жанын түсінетін кейіпкер досқа, енді бірінің өмірлік ұстанымдарын өзгерте алатындай құнды философиялық ойларға жол сілтеушіге айналған. Көріп отырып уақыттың қалай өткенін байқамай қалу былай тұрсын, бұл жанрдың жанкүйерлері түнде ұйықыны ұмытып, күндіз шарудан қалып, экран алдына телміріп отырудан еш жалықпаса керек. ХХ ғасырдан бастау алған бұл анименің бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам түрі шығып үлгерген. Ал олардың бөлімдерін есептесек, бес алты есе көп нәтижеге қол жеткізетіріміз анық. Аниме шын мәнісінде өмірлік ұстазба, әлде құмар ойын секілді кірген адамды жіпсіз байлайтын еліктіруші ме? Десе де, аниме жанрларының өзі жас талғайтынымен, жастар оны ескермей көріп, есіріп кетіп еліктеп, соңында кейбір ата-аналардың етегі жасқа толып жатыр. Әрине баласының жастай өз-өзіне қол жұмсайтыны, төрт ұйықтаса түсіне де кіріп шықпаған болар…
Осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылдың 8 ақпанында animegalaxyofficial.com сайты 12 жасар баланың өз өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат жариялады. Полиция қызметкерлеріалғашқы тергеу нәтижесінде, Бирадж Пачисиа есімді жасөспірімге «Platinum end» анимесінің бір көрінісі қатты әсер еткенін анықтайды. Анименің басты кейіпкері өз-өзіне қол жұмсау үшін көп қабатты үйден секіргенде оны қамқоршы періште құтқарып қалып, содан кейін ол тылсым күштерге ие бола бастайды. Осыған сенген жасөспірім 11 қабатты үйден секіріп қаза болады.
Ресейде 14 жасар Леонид Хмелевтің «Наруто-дауыл хроникасы» атты анимедегі сүйікті кейіпкері Итачи Учиханың өлімін көргеннен кейін қатты күйзеліп өзін Чайковский қаласында көпқабатты үйдің төбесінен 100 фунттан астам биіктікте секіргені туралы хабарлаған болатын.
Бірақ бұл оқиғадан да сорақысы, 2008 жылы Нарутодағы құмды басқара алатын тылсым күшке ие Гараның әрекеттерін қайталау үшін, құм жәшігіне тығылып, төбелес көрінісін жасаймын деп, 10 жасар баланың көз жұмғаны көпшіліктің қабырғасын қайыстырған еді. Қаза болып жатқан кәмелет жасқа толмаған балалар екенін байқаған да боларсыз. Енді кәмелет жасқа толған жас өспірімдердің YouTube желісіндегі өзара диологынан үзінді ұсынайық…
«-«Вавилон» анимесін көру маған өз-өзіне қол жұмсаудың дұрыс әрекет екенін сезіндірді…
-Соңғы кездері маған да сондай ойлар келіп жүр. Жағдайы жоқ адамдарға өлу өмір сүруден оңай…
-Өлмеу керек деп айту – эго. Мұндай ақылға қонымсыз қоғамда суицид жасау қарапайым құтылу жолы болуы мүмкін».
Бұл жас өспірімдердің, осы хабарламаларынан кейінгі әрекеттері әзірге бізге белгісіз.
Дегенмен бізге мәлім болған «Ryodan» аниме әуесқойлары наурыз айының, тоғызыншы күнінде Повлодарда жаппай төбелес шығаруы мүмкін деген ақпарат тарап, халық қорқынышын туғызған еді. Бұған дейін 12 аяқты өрмекші бейнеленген қалпақты жемпір киюді ұнататын жасөспірімдердің тағы бір тобы наурыз айының алғашқы күні, Беларусь пен Украинада рейд ұйымдастырған болатын. Мұның бәрі «Авиапарк» сауда орталығындағы жанжалдан басталып, соңы қылмыстық іс пен түрлі қастандық жасау ниеттері бар деген жорамалмен аяқталды.
Ал, енді басты сұрақ… Қоғамда үлгі аларлық үлкендеріміз, «Аниме-өмірдің қиындықтарынан жеңілмеуді, адамдарды мейірімді болуға, бауырмал, өз отбасын жақсы көруге шақырады», деп мақтан тұтуға тұрарлықтай етіп көрсететін бұл жанр неге жасөспірімдерге терс әсер етуде? Бұл туралы психолг маман, Пернебаева Жансая Нұрмахановнадан сұрап едік.
«Балалар әрқашан келіп түсетін ақпаратқа сын көзбен қарап, күмәнді анимелерді көруден бас тарта алмайды. Кіші мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоционалдық компонентпен тығыз байланысты. Аниме кейпкердің басынан өткерген эмоционалдық күйін ғана емес, сонымен қатар қалыптасқан мінез құлық стереотиптерін және жағдайды қалай шешуге болатынын көрсетеді. Анимелердің агрессиялық зорлық-зомбылық көріністері мінез құлықтың сәйкес формаларын жоюға ықпал ететінін білген жөн.
Екіншіден, мультфильмдер жасаудың жаңа технологиялары, яғни, аниме фильмдері өте түрлі түсті және шынайы әсер еткендіктен балалардың және ересектердің де қызығушылығын арттыруда. Бірақ тым жарқын және жиі өзгеретін кадрларды қабылдау балдар үшін үлкен міндет болуы мүмкін. Өте жылдам өзгеріспен аниме фильмдері баланың физиологиялық және психикалық дамуына теріс әсер етеді. Өйткені жаңа функциялары мен әдет ғұрыптары арқылы ол дамып келе жатқан мидың және бүкіл ағзаның функционалдық құрылымның табиғи ырғағын бұзуы мүмкін.
Үшіншіден, аниме мен жай мультипликацияның айырмашылығы: Аниме кейіпкерлер мен фондарды салудың өзіне тән тәсілімен ерекшеленеді. Балалар аниме кейіпкерлерін тамашалай отырып, оларға жақын бейнелерден белгілі бір мінез-құлық үлгілерін қабылдайды. Аниме сериясын көргеннен кейін шынайы әлемге оралған соң бала сәйкессіздікті көреді және бұл оның бойында фрустрацияны дамытады. Яғни, депрессияға түсуі, сыртқы әлемге толық немқұрайлылық, көңілсіздік, күшті эмоционалдық шок алуы да әбден мүмкін. Осыған байланысты балаға көргендерін талқылау арқылы эмоциясымен бөлісіп және қорытындылауға үйретудің қажеттілігі өзекті болып табылады. Жәй балаға ғана емес ересектерге де ұсынар едім».
Иә, анимеге жанкүйер, еліктеуші жас өспірімдердің мінез құлқы мен жүріс-тұрысынанда айтарлықтай психологиялық өзгерістерді байқай аламыз. Мәселен, аниме ішінде көрушінің сүйікті киіпкері ұяң және салқынқанды болатын болса, соған еліктеп өз ортасынан тыс қалып, шынайы өмірден алыстай бастайды. Бір кейіпкерді атайтын болсақ, ең танымал «Наруто» анимесінің басты кейіпкерлерінің бірі Саске осы санаттағы кейіпкер образын сомдайды. Және бұл кейіпкерге еліктейтін жас өспірімдер көбіне себепсіз маска тағып, маңдайына кекіл қалдырып, көзін төмен салып, барлық ортада ұяңдық танытады. Тіпті, бүгінде Алматы және Шымкент қаласының өзінде он шақтыдай аниме дүкендері бар. Сіз ол жерден аниме суреттерімен сәнделген түрлі киімдер, оқу-құрал жабдықтары, өзіңіздің сүйікті кейіпкеріңіздің суреттерін, аниме басылым кітаптарын таба аласыз.
Расында анименің жақсы жақтары мен пайдалы тұстары да жетерлік. Бірақ, адам психологиясы мен өміріне қатты әсер ететін анимелерді көрсетуге тыйым салу керек. Мәселен, Қытай: Death Note, SAO, Токио Ghoul, Титанға шабуыл, Паразит және т.б керемет, бірақ қатігездікті көп суреттейтін анимелерді бұғаттаған. Сол секілді, Малайзия мемлекеті де Ultraman анимесін таратуға тыйым салған. Себебі, анимеде мұсылмандардың құдайының аты аталған, ал ел тұрғындарының 60% мұсылмандар құрайды. Жаңа Зеландияда Пуни-Пуни Поэми анимесін ашық кадрларымен тым сексуалды болғаны үшін бұғаттаған болса, Франция Doraemon анимесін көрген балалар эмоционалды сау болып өспейді деген қауіптің алдын алу үшін тыйым салған. Ресей ең көп аниме бөлімдеріне тыйым салған мемлекеттер қатарына жатады. Олар: Өлім жазбасы, Эльф әрі, Токио Гул, Инуяшики, Манудың жүзі, Сұр тоңдағы натюрмурт, Қараңғылық ханзадасы мен қаһарман, Бұл ғажайып әлем, Зомбиланд, Мысықтар жұмағы, Менің қайта туылуым туралы және т.б. Санк-Петербургта: Өлім жазбасы, Өлгендер партиясы: азапталған жандар, Тозақ қызы, Ібіліс жұмағы, Қастандық сыныбы, Аки және Сора, Элф әні және т.б серияларын бұғаттап, желілерге таратуға тыйым салған. Ал осы қауіптерді көре тұра әзірге Қазақстаннан кез-келген анимені іздеп тауып көре аласыз. Ең қызығы аниме жасап шығарушы Жапония мемлекетінің өзі: Аки Сора анимесін бұғаттаған.
Аталған мәселеге қатысты ағылшын тілі мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Асхат Елтаев та өз ойымен бөлісті.
«Маған Қазақстанның түрлі өңірлерінен оқушылар келеді. Солардың басым бөлігі аниме көреді. Белсенділіктері төмен. Арасында манга(аниме кітабы) оқитындары да бар. Сабақ оқымаса да, соны оқиды. Елге деген, патриоттық сезім жоқ. Көбісінен сұрасам басқа елде тұрғым келеді дейді. Бұл мәселені елеусіз қалдыруға болмайды. Шындығында, Америкадағы оқушылар бұл санаттағы жанрларға салқынқанды қарайды. Ал Қазақстандағы балалар еліктегіш. Бас салып кіріп кетеді».
Сонымен, аниме – есін біліп, өз жолын тапқандар үшін адамдықтың не екенін көрсете алса, енді дамып, өз жолын іздеушілер үшін көбіне тәуелділіктен туындаған еліктеушілікке, өмір шындығынан адасудан туған бүлікке, одан аса өлімге әкеліп жатыр. Ұлт болашағы жастар болғандықтан олардың қауіпсіздігін жан-жақтан бақылауда ұстауымыз керек. Толықтай жоюды емес, қауіптің алдын алудың жолдарын қарастыруымыз тиіс. Аниме өзін жанр ерекшелітері мен жас ерекшеліктеріне сай, ақтап ала алады. Бірақ, біз ешқандай қауіпсіздік шараларын алдын-ала жасамай, бармақ тістеуге дейін жетіп, артынан өкініп қалмауға тиіспіз!
Мехринисо Абдурашидова
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың
журналистика факультетінің 1 курс студенті