Астана қаласын зерттеу нәтижелері бойынша елорданың жетілу деңгейі – 2.48 балды көрсетті. Бұл туралы әкімдікте өткен аппарат отырысында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров айтты.
”Басқармамыз IDC (International Data Corporation) агенттігімен бірлесіп, Астана қаласы әкімдігінің салалық басқармаларын экономика, көлік, қоршаған орта, қауіпсіздік және цифрландыру мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша, Астана қаласы “ақылды” қалалардың халықаралық рейтингіне енгізілді. Астана қаласын зерттеу нәтижелері бойынша елордамыздың жетілу деңгейі – 2.48 балды көрсетті”, – деді ол.
Басқарма басшысы әлемнің кейбір қалаларының жетілу деңгейі: Сингапур – 4.4, Нью-Йорк – 3.7, Дубай – 3.6, Барселона – 3.2, Мәскеу – 3.1 екенін атап өтті. «Сонымен қатар, Астана қаласы Орталық Азияда осы үлгі бойынша зерттелген және Smart City кемел бағасын алған алғашқы қала болды», – деді Әбдіқадыров.