4 қарашада Астанада “Сенімен болашақ” республикалық ата-аналар бірлестігінің ұйымдастыруымен “Ұлт мұраты жолында: тәрбие, білім, ғылым және іскерлік” тақырыбында ұлт зиялыларының алғашқы ғылыми- практикалық симпозиумы өтті.
Еліміздегі тәрбие, ғылым, білім беру мен іскерлік сала мамандарын ұлт мұраты жолында ортақ мақсат-мүдде тұрғысынан тиімді шешімдер табуға негізделген жиында спикер ретінде “Сенімен Болашақ” РҚБ құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақова, “Алаш” мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Оңайгүл Тұржан, профессор Серік Негимов, абайтанушы Омар Жәлелұлы, профессор Әлима Қисымқызы сөз сөйледі.
“Бүгінгі симпозиумның мақсаты – ғалым, ұлт зиялыларына платформа ұсыну. “Ұлт жолында қызмет етудің қандай тетіктері бар?” сұрағына жауап іздеу. Халық, азаматтар зиялылардан қандай да бір ой, идея күтеді. Осы жерде бүгін қоғамды жақсартуға бағытталған идеялар талқыланады. Сапалы ұрпақ өсірудің тетіктерін де бүгінгі басқосуда қарастыратын боламыз. Сонымен қатар алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Ташкентте, Орынборда жарық көрген кітаптарын жаңғыртып 2000 данамен басып шығардық. Бұл кітаптар қазір симпозиумға қатысқан кісілерге тегін таратылады”, – деді ұйымдастырушы Сейілбек Асанов.
Жиында талқыланған мәселелер бұған дейін де “Сенімен болашақ” республикалық ата-аналар бірлестігі тарапынан ұстаздар мен ата-аналар қауымы аясында ұдайы түрлі форматта талқыға түсіп келеді. Ал “Ұлт мұраты жолында: тәрбие, білім, ғылым және іскерлік” симпозиум осындай форматта республиканың түкпір-түкпірінен жиналған зиялылардың бас қосуымен алғаш рет өтті.
Симпозиумда аталған салалар бойынша стратегиялық бағыттар айқындалып, қажетті қорытындылар мен тұжырымдар жасалды.
Жиында “Асыл мұра” сериясы аясында жаңа форматта қайта жарық көрген Жүсіпбек. Аймауытовтың “Психология” (Ташкент, 1926 жыл) және “Тәрбиеге жетекші” (Орынбор, 1926 жыл) оқулықтарының тұсаукесері өтіп, шараға қатысушыларға таратылды.
“Сенімен болашақ” Республикалық қоғамдық бірлестігі – азаматтардың ерікті бірлесуі нәтижесінде құрылған коммерциялық емес ұйым. Бірлестік Қазақстанның әрбір баласының әл-ауқатын арттыру үшін өзінің құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) елімізде саналы ата-аналықты қалыптастыруда қолдау көрсетеді. Бірлестік жаңа білім алу және қоғамдағы білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналуды мақсат тұтады. Әрбір құрылымдық бөлімше қоғамға саналы ата-аналықтың маңыздылығын жеткізу және бұған халықтың назарын аудару мақсатында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде форумдар, семинарлар мен басқа да іс-шаралар өткізеді. Бүгінгі жиын осының бір көрінісі.