Астанада жануарларға арналған мемлеукеттік мекеме құрылады. Жануарлар үйі 2019 жылдың көктемінде қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
Бүгінде Астанада панасыз жануарларға арналған «Асенька» және «Ковчег» атты 2 жеке меншік мекеме бар.
Жануарларға арналған мемлекеттік мекеме келесі жылдың 30 сәуірінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жануарлар үйі 700 орынға лайықталған. 500 орын қаумал типті болса, 200 орын карантинді аймақта орналаспақ. Жануарларды мұнда ұстау мерзімі әзірге белгіленген жоқ.
«Астана ветқызмет» қазіргі таңда жануарларға чипті тегін тағу, оларды зарарсыздандыру акциясын, құтыруға қарсы екпені тегін егу шараларын жүргізіп жатыр. 2019 жылға кәсіпорын иттерге арналған чиптердің 8 мың данасына, 5 мың ит пен мысықты тегін зарарсыздандыру мен піштіру жұмысына тапсырыс берді. Құтыруға қарсы екпе ақпаннан бастап егіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 11 мың жануар егілмек. Олардың 3 мыңы – мысықтар, 8 мыңы – иттер.