Желтоқсандықтар қанды оқиға құрбандарының аруағына тағзым етіп, «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін «Отан қорғаушылар» монументі алаңында 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар өз жолдастарын еске алу үшін жиналды.
Акцияға қатысушылар желтоқсан оқиғасының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды.
«Бірінші кезекте, бұл отансүйгіштіктің рухы. 1986 жылғы оқиғалар Қазақстан үшін үлкен мәнге ие. Желтоқсандық оқиғалар Алматыда ғана емес, митингтер біздің елдің барлық өңірлерінде орын алды. Бұл – тарихи мұра. Жастар қазақстандықтарға тәуелсіздіктің қандай бағамен берілгенін білуі, есте сақтауы керек», – деді желтоқсандықтардың бірі Асқар Сағынаев.
Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары.
Бейбітшіл митингке қатысушылар республика басшысы қызметіне байырғы халық өкілінің тағайындалуын талап еткен болатын. Кейін қазақ жастарының қозғалысы Қазақстанның басқа да қалалары мен өңірлерінде өтті. Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы КСРО-дағы орталықтың отаршылдығына қарсы алғашқы наразылық іс-қимылдардың бірі болып табылады. Кейін мұндай қозғалыстар Кеңес Одағының басқа да республикаларында орын алған-ды.
Жадыра Аманбайқызы