Қазақстан астанасының халқы мен қала қонақтары осы жылдың 18 қарашасынан 18 желтоқсанына дейін қоғамдық көлікте 45 теңге төлесе болады.
“Жолақыны 50% жеңілдікпен SMS және QR-код арқылы төлей аласыз. Акция 18 қарашадан басталып, 18 желтоқсанға дейін жалғасады”, – деді “Astana LRT” компаниясы.
Мұндай акцияны ұялы байланыс операторларының бірі ұсынып отыр. Атап айтқанда, төлемді SMS немесе QR-код арқылы жасаған кезде телефон нөмірінен жол жүру билетінің толық сомасы – 90 теңге шегеріледі. Кейін бірлікке 45 теңге қайтарылады. Жолақыны төлеу үшін шотта кем дегенде 91 теңге болуы тиіс.
“45 теңгемен автобуста күніне екі рет жүре аласыз. Ал үшінші және одан арғы сапарларыңыз үшін стандартты 90 теңге төлейсіз. Акция тек қалалық бағыттарда жүреді. Бағасы 180 теңге болатын экспресс-маршруттарда сондай-ақ, ақысы 90, 200, 300 және 400 теңгелік қаламаңы маршруттарында жеңілдік қарастырылмаған”, – деді “Astana LRT” баспасөз қызметі.