Цифрлық даму министрі 28 шілдедегі “әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларын айқындау және бекіту туралы” бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Құжатта әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем тарифтерінің өсуінің өтемақысы – тұрғын үйді күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу бойынша тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін, телефон үшін абоненттік төлем тарифтерінің өсуінің шығындарын өтеуге арналған ақшалай өтемақы екені айтылған.
Сондай-ақ, телефон үшін абоненттік төлемді ұлғайту бөлігінде байланыс қызметтеріне ақы төлеуге өтемақы төленеді.
Өтемақы алу үшін абонент тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажетті құжаттармен жүгінуге тиіс. Құжаттар тізбесі тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларында айқындалған және оған мыналар кіреді:
- Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар (түпнұсқасы жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
- Aз қамтылған отбасының табысын растайтын құжат;
- Зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
- Жұмыс орнынан анықтама не жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;
- Балаларға және басқа да адамдарға алимент төлеуі туралы мәліметтер;
- Банктік шот;
- Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;
- Коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
- Телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттар немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмелері;
- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шоттар.
Уәкілетті орган әр айдың 5-күніне дейінгі мерзімде әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің жоғарылауына өтемақы төлеуге ақшалай қаражатқа қажеттілікті өтейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Бұйрық 2023 жылғы 13 тамызда қолданысқа енгізіледі.