Елордалық тұрғын-үй қоры “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша “Аз қамтылған отбасыларды тұрғын-үй сатып алу үшін несиелеу” аясында жолдама қабылдауды бастады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайтында хабарланды.
Жолдама алу үшін өтініштер осы жылдың 17-31 шілдесі аралығында қабылданады (I кезең).
Аталған бағдарламаға көпбалалы әрі толық емес отбасы, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған жандар санатында кезекте тұрғандар қатыса алады. Бұл ретте отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы 42 мың 500 теңгеден аспауға тиіс.
Несиелеудің ең көп сомасы – 15 млн теңге. Мерзімі 20 жылға дейін, бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10% мөлшерінде.
Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.