Үкімет шетелдіктер және Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін мемлекеттік тілді білу емтиханын талап ету жөнінде заң жобасын әзірлеп жатыр. Бейсенбі күні сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап берген үкімет басшысы Әлихан Смайылов заң жобасы жақында парламент қарауына берілетінін мәлімдеді.
“Үкімет қазір ел азаматтығын аларда шет тілінен емтихан тапсыру жайлы бұл нормаларды талқылап жатыр. Жалпы біз бұл нормаларды қолдаймыз, әрі заң жүзінде бекіту керек деп есептейміз”, – деді Смайылов.
Премьер-министр көптеген елде азаматтық аларда сол елдің тілі мен тарихын білу және тиісті емтихан тапсыру міндеттелетінін атап өтті. Смайылов Германия, Түркия, Канада және Ресейдегі осындай талаптарды мысалға келтіріп, мемлекеттің тілін білу адамдардың “қоғамға жылдам сіңісіп” кетуіне көмектесетінін айтты.
“Сондықтан біз мұндай емтиханды тапсыру қажет деп санаймыз. Бұдан былай азаматтық алғысы келгендер осы талаптарға сай келуі тиіс”, – деді ол.
Сонымен қатар Смайылов азаматтардың кей топтарынан бұл талаптар сұралмайтынын айтты. Бұл топтарға этникалық қазақтар, кәмелет жасқа толмағандар, халықаралық шарттарға сәйкес құжаттарды жеңілдетілген түрде алатындар жатады. Сондай-ақ бұл категорияға жақын туысы Қазақстанда тұратын, әйелі немесе күйеуі қазақ немесе қазақстандық болған және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері де жатады.
Айта кетейік премьер-министр заң жобасының жақын арада парламентке жететінін айтты.