Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын таныстырды.
«Көші-қон саясатының тұжырымдамалық негіздерін кеңейтуді талап ететін екі алғышартты атап өткім келеді. Біріншісі – еліміз транзиттік көші-қон орталығы бола бастады. Екіншісі – осы үдерістен күтілетін ішкі бастамалар. Соңғы бес жылда елімізге шамамен 300 мың шетелдік қызмет бабымен келсе, оның 204 мыңы отанына оралған қандастарымыз. Елдегі көші-қон белсенділігінің қарқыны артып келеді. Есепті кезеңде ол екі есеге өскен», – деп тұжырымдады министр.
Бұдан өзге Тамара Дүйсенова демографиялық теңгерімсіздік туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі демографиялық тенденциялардың сақталуы жағдайында оңтүстік өңірлердің тұрғындары 2050 жылға қарай 5,2 млн. адамға дейін өседі, ал олардың қоныс аудару тығыздығы солтүстік өңірлерден төрт есе асады. «Бүгінде оңтүстік өңірлерде Алматыны есепке алмағанда, халықтың 38 %-ы тұрады, ал олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 17% құрайды. Солтүстік өңірлерде халықтың 29% жалпы өңірлік өнімнің 25% құрайды », – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, министр еңбек өнімділігінде үйлесімсіздіктің барын алға тартты. «Халық ең көп шоғырланған оңтүстік өңірлерде өнімділік төмен болса, тығыздығы төмен солтүстік өңірлерде өнімділіктің деңгейі жоғары. Алдағы бес жылда жаңа жұмысшылардың ағыны бәсеңдейді. Бұл 90-шы жылдардың басындағы демографиялық жағдайдың және осыған байланысты еңбек нарығындағы ұсыныстардың қысқаруы салдарынан», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, аталған проблемаларды есепке ала отырып, тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаттары – елдің демографиялық экономикалық теңгерімін жақсарту, уақытша және ұзақ мерзімді қоныс аудару негізінде білікті мамандардың ашық нарығын құру және көші-қонмен байланысты қатерлер тұрғысынан елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Бұл үш стратегия өзара тәуелді және сыртқы, ішкі этникалық көші-қонды реттеуге, көші-қон саясатының жүйелі сипатын қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар, сыртқы көші-қонды реттеуді жетілдіруге арналған тәсілдер жыл басында елдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында қабылданған ұлт жоспарын жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» және осы тағылеттес қосымша іс-шаралардың іске асырылуын қамтиды», – деді министр.
Сайлаубай Сабина