Ұлттық статистика бюросының мәліметінше өткен жылдың ІV тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 5% (986 587 адам) құраған, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Кедейлік деңгейінің ең жоғары мәні:
- Түркістан (8,5%),
- Маңғыстау (8,1%) облысында,
Ал ең азы:
- Астанада (2,1%)
- Ұлытау облысында (2,2%) тіркелген.
“Кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтары арасындағы кедейлік деңгейі IV тоқсанының қорытындысы бойынша 8,9%-ды құрады, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есеге жуық артық”, – делінген ақпаратта.
Анықтама үшін: Кедейлік деңгейі тұтынуға пайдаланылған ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен табысы бар халық санының халықтың жалпы санына пайызбен өлшенген қатынасы. ҚР бойынша 2022 жылғы IV тоқсанда айына орта есеппен жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 45 623 теңгені құрады.