Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елге жақын уақытта Америка мен неміс компаниясы бірігіп әзірлеген Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы жеткізілетінін хабарлады. Министрлік оны тек аяғы ауыр әйелдер және 12 жастан бастап балаларға салуды жоспарлап отыр. Егер бұл топтағылар екпеден бас тартса оны қарапайым халық салдыра ала ма? Осы сұрақты брифингте Қазақньюс тілшісі денсаулық сақтау министрлігі өкілдеріне қойды.
“Pfizer компаниясынан басқа да вакцина өндірушілер өз ережесі бойынша екпесін балалар мен жүкті әйелдерге салуға рұқсат берсе баршаға қолжетімді етуге тырысамыз. Алдағы уақытта Pfizer компаниясымен тағы келісімшарт болса, вакцина артылса өз ішімізде ережені өзгертеміз деп санаймын. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұл екпе Қазақстанда тек балалар мен жүкті әйелдерге арналған”, – деді денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов.
Министр Алексей Цой Pfizer екпесін елге жеткізуге қанша қаржы кеткенін айтпады. Журналистерді компаниямен арада қаржы туралы мәліметтің құпия қалатыны туралы келісім бар деп сендірді.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, вакцина салдыруда бренд қуудың қажеті жоқ. Елдегі екпелердің вирустан қорғауға қауқары жетеді. Алайда Қазақстанда халыққа салынып жатқан негізгі ресейлік “Cпутник V” екпесін ДДСҰ толық мақұлдамаған. Бұл екпені алғандар қараша айынан бастап АҚШ аумағына кіре алмайды.
Қазақстанда онан басқа отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax және Қытайда өндірілген Vero Cell, сонымен бірге Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі қолданылады.