Қазақстанда 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
30 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады.
Онда тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын айтты.
“Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз”, – деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, Кеңес заманында өмір сүрген халыққа “үлкен террор” орасан зор қасірет әкелді. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылған. 100 мыңға жуық азамат қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылған.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары болған.
“Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты”,- деді президент.
Атаулы күн сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.