Ауқатты қазақстандықтар халықтың аз қамтылған тобындағы азаматтарға қарағанда үш есе дерлік көп тамақ жейді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) 2022 жылғы қазан–желтоқсандағы іріктемелік зерттеулерінің нәтижесі бойынша, ең кедей азаматтардың 10% тобына шаққандағы жалпы тұтыну тоқсанына 129 кг азық-түлікті құраса, ең бай қазақстандықтардың 10% тобында көрсеткіш 377 кг-дан асады. Қазақстан бойынша орташа есеппен тоқсанына бір адамға 221,5 кг.
Айырмашылық азық-түлік себетінің жалпы көлемінде ғана емес, оның құрылымында да байқалады. ҰСБ мамандарының бағалауынша, халықтың кедей санатымен салыстырғанда ауқатты қазақстандықтар балық пен теңіз өнімдерін 4,3 есе, етті 3,8 есе, жемістерді 4 есе көп тұтынады.
Ауқатты үй шаруашылықтары тоқсанына бір адамға 37,7 кг ет пен шұжық тұтынса (айына 12,5 кг немесе тәулігіне 400 г), ал кедей үй шаруашылықтары бар болғаны 9,8 кг (айына 3,2 кг немесе тәулігіне 100 г) тұтынады.
Бір қызығы, ауылдардағы ауқатты қазақстандықтар ауқатты қала тұрғындарына қарағанда көбірек тамақтанады. Бұл аз қамтылғандарға да қатысты: азық-түлікке келсек, қаладағы кедейден гөрі ауылдағы кедей болу оңай, өйткені ауылда жеке қосалқы шаруашылық ұстауға болады.