Алдағы күндері СҚО, Павлодар, Ақмола, ШҚО облыстарында болжанған үскірік аязға байланысты дабылды ескерту жарияланды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
25 желтоқсанда СҚО-да ауа температурасы 20-25 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүстігінде 30 градус аяз болады. Ал келесі күні түнде 25-30, кей жерлерде 33 градус аяз болады.
Сенбі, 26 желтоқсан күні Павлодар облысында ауа температурасы 30-35 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүстігінде 38 градус аяз болады. Ертеңіне түнгі уақытта 32-37, кей жерлерде 40 градус қатты аяз болжанып отыр.
Ал Ақмола облысында 26 желтоқсанда ауа температурасы 20-25 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүстігінде 30 градус аяз болады. 27 желтоқсанда түнде 25-30, кей жерлерде 35 градус аяз болады.
Шығыс Қазақстан облысында сенбі күні ауа температурасы 30-35 градусқа дейін күрт төмендейді, аяз болады. 27 желтоқсанда 37-42 градус қатты аяз болады деген болжам бар.
Мамандар аязды күні далаға қолғапсыз, бас киімсіз және шарфсыз шықпау қажеттігін айтады. Металдан, соның ішінде алтын мен күмістен жасалған әшекейлерді тақпаған дұрыс. Себебі металл суық тартады. Сосын саусақтағы сақиналар қалыпты қан айналымын тежейді.