Бурабайда республикалық әкелер форумы өтті

0
426
IV республикалық әкелер форумының қатысушылары.

13 қыркүйек күні Ақмола облысы Бурабай кентінде “Әке – отбасының тірегі” атты IV Республикалық әкелер форумы өтті. 

Жиынға ҚР Президентінің көмекшісі Мақсат Сқақов, Парламент депутаттары, ұлттық комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әр өңірден келген белсенді әкелер қатысты.

Шараға қатысушыларға алдымен “Әке көрген оқ жонар” қолданбалы өнер көрмесі мен “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды. Онда “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы, осы жылы өмірден озған Қуаныш Жұматаев еске алынды.

“Әке көрген оқ жонар” қолданбалы өнер көрмесі. 

Форумның модераторы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Қуаныш Жұматаевтың ата-анасына “Намыс” төсбелгісін тапсырды.

Бақытбек Смағұл “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Қуаныш Жұматаевтың әкесіне “Намыс” төсбелгісін тапсырды.
“Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған марқұм Қуаныш Жұматаевтың ұлы.

Форумда алғаш боп сөз алғандардың бірі Президент Тоқаевтың кеңесшісі Мақсат Сқақов қатысушыларға алғыс айтты. Қазақ дүниетанымындағы әкенің орны жөнінде әңгіме қозғап, өз басынан өткен қызықты оқиғаларын баяндады. Оның ойынша отбасында әке нақты шешімдерді уақытылы қабылдап, жары мен балаларына жеткілікті көңіл бөлуі қажет.

ҚР Президенті кеңесшісі Мақсат Сқақов.

“Ең ақылды ұрпақ – Z ұрпағы” немесе әкелерге құлаққағыс..

Форум барысында “Білім-инновация” Халықаралық Қоғамдық Қорының президенті Дархан Өте ақпарат кеңістігі қарыштап дамыған XXI ғасырдағы Z ұрпағының мүмкіндіктері мен артықшылықтарын ғылыми зерттеулер нәтижесінде көпшілікке ұғынықты тілде түсіндіріп берді. Әкелер қауымына “менің жасамағанымды, сен жүзеге асырасың” деп бала арманына кедергі жасап, жігерін құм етпеуді жеткізді.

“Z ұрпағының қолындағы мүмкіндіктерге шектеу қоймай, оны өзінің құндылықтары арқылы қабылдамасаңыздар жаңа буынмен тіл табыса алмайсыздар. Бұл Z ұрпағы кім десеңіз, ғаламтордың шынайы досы, виртуалды өмірде көп уақытын өткізеді. Ешқандай ережені қабылдамайды. Яғни, әкімшіл-әміршіл жүйе бұл балаға жүрмейді. Керісінше, жаңа ұрпақ әрдайым өзімен санасуды талап етеді. Бір уақытта көп міндетті атқара алатын ең ақылды ұрпақ. Сансыз ақпаратты миында қорыта алатын буын. Ең креативті буынды тәрбиелеу үшін алдымен оны тану қажет”, – деді “Білім-инновация” ХҚҚ президенті. 

IV Республикалық әкелер форумының қонақтары.

Ресей Федерациясының “Союз отцов” орталық комитетінің мүшесі Владимир Анисимов өз еліндегі әкелер қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстарын әңгімелеп, тәжірибесімен бөлісті.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш отбасында ұл мен қыздың тәрбиесіне теңдей мән беру қажет екендігін баса айтты. Өз отбасындағы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы да кеңінен тарқатты.

Республикалық әкелер форумы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту, отбасы институтын нығайту және тиісті отбасылық тәрбие мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз