16 қаңтар күні Алматыда ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта Денис Теннің өліміне қатысты сот залында күдіктілердің соңғы сөзі тыңдалды.
Сот барысында күдікті Нұралы Қиясов болған жайт үшін кешірім сұрап, қатты өкінетіндігін жеткізді.
«Болған жайттар үшін қатты өкінемін. Білемін, бізді кешіру оңай емес. Сонда да барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Тек қорғаушымның айтқан сөзімен келісемін, басқа айтарым жоқ», – деді күдікті.
Ал, Жанар Толыбаева өзіне тағылған айыппен келіспейтіндігін айтты.
«Маған жасалған қылмысты көре тұра хабарламады деген айып тағуда. Бірақ мен олардың пышақ салғанын көрген емеспін. Мен ешқандай қанды көрген жоқпын. Иә, бұл өте ауыр жағдай. Бірақ мен ауыр жазаға тартылатындай ауыр қылмыс жасадым деп ойламаймын», – деді Ж. Толыбаева.
Сонымен қатар ол, өзін біреулердің қорқытқанын жеткізді.
«Негізі айтқым келмеген. Желтоқсан айында маған адамдар келді. Сот болардың алдында олар мені қорқыта бастады. Бостандыққа шықсам да, лагерге барсам да жағдайымның қалай болатынын білмеймін. Айтқым келмеген, бірақ қылмыстық ұйымды басқарған сен деп отырған соң сот отырысында соңғы сөзім ретінде айтуды ұйғардым», – деді ол.
Baq.kz хабарлауынша, тағы бір күдікті Арман Құдайбергенов те болған жайтқа өкінетіндігін айтып, кешірім сұрады.
«Оксана ханымнан да кешірім сұрағым келеді. Сіздің жаныңыз бен жүрегіңіз ауыратынын білемін. Оны бала кезден тәрбиелеп, мықты адам болып шығуы үшін бар жаныңызды салдыңыз. Мен сізден шын жүректен кешірім сұраймын. Өмірімде мұндай жағдайға тап боламын деп мүлдем ойламадым. Адвокатымның айтқанымен толықтай келісемін. Менің ойымда кісі өлтіру, кісі өлім” деген болмаған. Басқа айтарым жоқ», – деді күдікті.