Еліміздегі әуекомпаниялар қаншалықты қауіпсіз

0
60
inbusiness.kz

AirlineRatings.com жыл қорытындысын жасап, келер жылы ең қауіпсіз 25 әуе желісінің рейтингін жариялады. Қазақстан әуекомпаниялары бұрыннан сайт бақылауында болғанымен, топ жарғандар арасынан көрінбей келеді. Осы орайда авиациялық сарапшы Абыл Кекілбаев қазіргі авиация жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды kazaknews.kz тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Біріншіден, біздің әуе компаниялар қаншалықты қауіпсіз?

“Біздің авиакомпаниялардың ұшу қауіпсіздігінің деңгейін объективті бағалау үшін тасымалдау көлемін және маршруттық желіні ұлғайту қажет. Әдетте рейтингтерде бәрімізге мәлім, белгілі бір критерийлер бар, мәселе солар бойынша көшбасы болу емес, жалпы ұшу қауіпсіздігі мәдениетін дамытуда болып тұр”, – деді Абыл Кекілбаев.

Соңғы үш жылда ұшақ апаты тіркелмеген

Рейтингтің негізгі критерийлерінің бірі – кейінгі бес жылдағы әуе апаттары болғандықтан, сандарға көз жүгіртсек. ҚР Азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі бойынша талдауына сәйкес, 2022 жылы (2023 жыл бойынша талдау жарияланбаған – ред.) Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде азаматтық авиация әуе кемелерімен адам өліміне әкелмеген 2 апат және 84 авиациялық оқиға тіркелген. Соңғы 12 жылда 22 әуе апаты болды десек (орта есеппен жылына 1,8 апат), адам қазасына әкелген соңғы ұшақ апаты 2019 жылы тіркеліп, талдау статистикасы бойынша 4 адам мерт болған.

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, Қазақстан әуе кеңістігінде нақты қанша апат пен келеңсіз жағдайлардың болғанын соңғы кездері анықтау қиын болып бара жатыр, мұндай ақпараттың қайнар көзі – Ұшу қауіпсіздігі бойынша есеп ашық көздерде жарияланудан қалған. 

Ұшақтар саны мен сапасы

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, бұл тұста қазақстандық компаниялар кенже қалған жоқ, әуе флоты жеткілікті деңгейде заманауи.

“Менің білуімше, қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелерінің паркі 89-дан 98 бірлікке дейін өсті – бұл тұрақты жолаушылар тасымалын орындайтындар

Air Astana және олардың Fly Arystan лоукостерінің флоты 49 ұшаққа дейін ұлғайды. Ұшақтардың орташа жасы – шамамен 5-7 жыл. Qazaq Air – 5 борт, компанияның ұшақтарының орташа жасы шамамен 7 жыл.

Сондай-ақ, SCAT әуекомпанияның 37-ге жуық борты бар және олардың орташа жасы айтарлықтай төмендеді, өйткені соңғы екі жылда авиакомпанияның флоты 12 жаңа ұшақпен толықтырылды. Сондықтан біздің әуе кемелер айтарлықтай замануи деуге болады”, деді сарапшы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз